Қазақстан – Германия матчы 15-16 сәуірде өтеді
Өз елдерінің бірінші ракеткалары Елена Рыбакина мен Анжелика Кербердің ойыны қызықты болатыны анық. Бұл туралы Германия әйелдер құрамасының капитаны Райнер Шуттлер айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚТФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Р.Шуттлердің пікірінше, Андреа Петковичтің жоқтығы Германия құрамасының ойынына онша әсер етпейді.
«Әрине, Андреа келсе, тіпті керемет болар еді. Бірақ ол АҚШ-тағы жарыста жарақат алып қалғандықтан, қатыса алмай отыр. Енді барына қанағат тұтуға тура келеді. Петкович командаға жақсы қолдау көрсететін тамаша теннисші еді. Андреа таяуда қалпына келіп, командаға қайта қосылады деп үміттенеміз. Екі команданың көшбасшысы туралы айтсақ, Елена Рыбакина – жас ойыншы. Анжелика Кербер – «Үлкен дулыға» турнирін ұтқан әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы. Қазіргі кезде екеуі рейтингіде көрші тұр. Сондықтан қызықты ойын болады деп күтеміз», деді Р.Шуттлер.