Қазақстан құрамасы 2006 жылғы Турин ойындарынан кейін алғаш рет медальсіз қалды
Ұлттық Олимпиада комитеті Қытай астанасында өткен қысқы Олимпиада ойындарындағы қазақстандық спортшылардың нәтижесін жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қытай астанасы Бейжіңде XXIV қысқы Олимпиада ойындары аяқталды. Қазақстан командасы соңғы жарыс күнінде шаңғыдан әйелдер арасындағы марафонға қатысты. Ал құраманың Бейжіңдегі ең үлкен көрсеткіші – 4-орын.
Бейжің Олимпиадасында Қазақстан атынан 34 спортшы өнер көрсетті. Олар жалпы есебі 87 жолдама жеңіп алған болатын.
Біздің атлеттер шаңғы жарысы, биатлон, фристайл-могул, фристайл-акробатика, шорт-трек, конькимен жүгіру, тау шаңғысы, шаңғы қоссайысы және шаңғымен тұғырдан секіру бойынша бақ сынады.
Команда сапындағы ең үзік көрсеткіш шорт-трекші Абзал Әжіғалиевке тиесілі. Ол 500 метрге жүгіруден А финалына шығып, төртінші орынға табан тіреді. Сондай-ақ, басты финалда сынға түскен Әділ Ғалиахметов 1500 метрде сегізінші орын алды.
Сол сияқты конькиші Надежда Морозова масс-стартта финалға жолдама алып, ақтық сында 14-орыннан көрінді.
Ақмаржан Қалмұрзаева шаңғы акробатикасынан іріктеу сынында 98.68 ұпай жинап, ТОП-12 қатарына енді.
Қазақстан тарихында алғаш рет Шыңғыс Ракпаров шаңғы қоссайысынан Олимпиадада бақ сынады.
Сондай-ақ, Бейжің төрінде жас спортшыларға да жол ашылды. 16 жастағы Анастасия Городко, 17 жастағы Олеся Граур (екеуі де фристайл-акробатика), 17 жастағы Данил Васильев (шаңғымен тұғырдан секіру) және 18 жастағы Александра Троицая (тау шаңғысы) болашақта ел спортының өркендеуіне үлес қосары сөзсіз.
Соңғы үш Олимпиадада жүлде алып келген Қазақстан құрамасы 2006 жылғы Турин ойындарынан кейін алғаш рет медальсіз қалды.