Қысқы Олимпиада: фристайл-могулдан іріктеуде қазақстандықтар үздік ондыққа кіре алмады
Аяулым Әміренова 66.82 ұпаймен 16-орынға тұрақтады
Бүгін Бейжіңдегі Олимпиада ойындарында фристайл-могулдан әйелдер арасындағы іріктеу бәсекесі өтті деп хабарлайды Olympic.kz.
Турнир ережесіне сәйкес, іріктеуде алғашқы ондыққа енген спортшылар финалға жолдама алады. Қалған қатысушылар екінші іріктеу кезеңінде бақ сынайды.
Қазақстан командасы төмендегідей нәтиже көрсетті:
- Олеся Граур (57.18 ұпай) - 23-орын.
- Аяулым Әміренова (66.82 ұпай) - 16-орын.
- Анастасия Городко (жарысты аяқтаған жоқ).
Бірінші іріктеу кезеңінен соң финалға шығу мүмкін болмады. Отандық могулшылар алғашқы ондық қатарына ене алмады. Енді олар 6 ақпан күні өтетін екінші іріктеу сынына қатысады.
«Бірінші трамплиннен секірген соң қате жібердім. Десе де, бәрі жаман деп айта алмаймын. Олимпиада мерекесі сезіліп тұр, көңіл-күйім жақсы», - деді Олеся Граур.
«Бүгінгі көрсеткішім жаман емес. Бірақ бұдан да жақсы нәтиже көрсететін мүмкіндік бар еді. Әлі берілмейміз, екінші кезең бар», - дейді Аяулым Әміренова.
«Қобалжу болған сияқты. Секіру де, басқасы да ойдағыдай шыққан жоқ», - деді Анастасия Городко.