Беларусь боксшысы Теміртас Жүсіпов туралы: «Кейбіреулер қашып жүріп жеңгеніне мәз»

Автор: Azattyq Rýhy

«Бокс деген бокс секілді болуы керек» дейді Евгений Кармильчик

Фото ашық дереккөзден

Сербияның Белград қаласында өткен бокстан әлем чемпионатында 48 келіге дейін салмақта қола жүлде алған беларусь боксшысы Евгений Кармильчик Прессбол басылымына берген сұхбатында отандасымыз Теміртас Жүсіповтен жартылай финалда қалай жеңілгені туралы айтты.

Сұхбат барысында беларусь боксшысы өзінің қарсыласынан әлсіз болмағанын қадап айтты.

"Оның жұдырықтасу тәсілін білгенбіз. Сондықтан қарсыласымның қорқақ боксына дайындалдық. Ол – қандай жолмен болса да жеңіске жетуді қалайтын прагматикалық боксшы. Бірақ мен бапкерім айтқан тапсырманың барлығын шаршы алаңда орындаған жоқпын. Жартылай финалда қарсыласымнан әлсіз болдым деп айта алмаймын. Бапкерім оны біледі. Мен үшін ең маңыздысы – осы. Бокс деген бокс секілді болуы керек. Бұл – өнер. Ал кейбіреулер қашып жүріп, жеңгеніне мәз. Әрине, әлем чемпионы атанған да мен емес, сол жігіт. Жүсіпов – тәжірибелі боксшы. 33 жаста топ жарып жатқанын құрметтеймін. Әзірге есе жібердім. Бірақ дайындықты жалғыстырамыз. Келесі жолы жеңемін", – дейді Евгений Кармильчик.