Бұған дейін ұлттық құраманың үш боксшысы жеңіліп, жарыс жолынан шығып кеткен еді
Сербия астанасы Белградта өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатында бүгін 1/8 финал ойындары өтеді. Бұл күні Қазақстан ұлттық құрамасының алты бірдей боксшысы рингке шығады деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Чемпионаттың күндізгі сессиясы елорда уақытымен 18:00-де басталады. Қазақстан тарапынан бірінші болып Серік Теміржанов (57 кг) жарыс жолына шығады. Оның қарсыласы – үндістандық Рохит Мор.
67 келіде өнер көрсететін Абылайхан Жүсіпов поляк Дамиан Дуркачпен кездессе, 75 келіде Нұрқанат Райыс ауған Сулиман Асламимен өзара мықтыны анықтайды. Бұл жекпе-жектер елорда уақытымен кешкі 20:00-ден басталады.
Жарыстың кешкі сессиясында Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов (52 кг) пен Санатәлі Төлтаевтың (63,5 кг) және Нұрбек Оралбайдың (80 кг) өнерін тамашалаймыз. Олар шаршы алаңға 23:00-ден бастап шығады.