$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
25.10.2021, 12:16
Спорт

Қазақстандық спортшылар келер жылы Пекинде өтетін қысқы Олимпиадаға дайын ба?

Мәдениет және спорт министрлігі дайындық жұмыстарына қанша ақша жұмсайтынын ашып айтпай отыр

Қазақстандық спортшылар келер жылы Пекинде өтетін қысқы Олимпиадаға дайын ба?
Газета.ру

Келер жылы Қытайдың Пекин қаласында XXIV қысқы Олимпиада ойындары өтеді. Оған қазақстандық спортшылардың дайындығы жайында Сенат депутаттары Мәдениет және спорт министрлігіне депутаттық сауал жолдаған болатын. Бұл сауалға вице-министр Нұрғиса Дауешов жауап берді деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Сенат депутаттары Нұржан Нұрсипатов пен Владимир Волков Токиода өткен XXXII жазғы Олимпиада ойындарында қазақстандық спортшылардың нәтижесі көңіл көншітпегенін, келер жылы өтетін қысқы Олимпиадада көш соңынан табылмас үшін министрлікте дайындық жұмыстары қалай жүріп жатқанын сұраған болатын.

«Халықаралық тәжірибеден: АҚШ-та спорт министрлігі, орталық мемлекеттік спорт жүйесі жоқ, тіпті мемлекеттік спортты қаржыландыру да жоқ. Мұнда балалар спорты – күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі. Ерте ме, кеш пе, балалары бар отбасы қалайда спортты өміріне серік етеді.

Қытай – жекпе-жек өнерінің елі ғана емес, сонымен бірге мұнда халықтың көп бөлігі жасына қарамастан күнделікті дене шынықтырады және йогамен айналысады.

Статистикаға сәйкес, он неміс азаматының сегізінде велосипед бар, бұл елдің жалпы спорттық деңгейін жоғарылатады. Барлық жазғы олимпиадалардың нәтижелері бойынша Германия төртінші орында тұр», ˗ делінген депутаттық сауалда.

Айта кетерлігі, Қазақстан былтыр және биылғы жарты жылдықта спортты қолдауға - 131,2 млн доллар жұмсаса, Ұлыбритания – 110 млн доллар, Канада – 72 млн доллар жұмсаған.

Нұржан Нұрсипатов пен Владимир Волков мысал еткен АҚШ-та спортқа жұмсалатын шығындардың 95%-ын жеке компаниялар өз мойнына алады. Оларда спорттан ақша табудың тетіктері толықтай қарастырылған. Мысалы, өткен жылы Ұлттық баскетбол лигасының кірісі 8,3 миллиард доллар болды. Ал Германияның жыл сайынғы спортқа жұмсайтын шығындары 200 млн еуродан аспады.

Ал бізде спортты толықтай мемлекет қаржыландырады. Біріншісі, Ұлттық Олимпиада комитеті болса, екінші қаржыландыру көзі – жергілікті әкімдіктер. Жалпы алғанда, жыл сайын мемлекеттің спорт саласына кететін шығындары – 160 млрд шамасында. Келер жылы өтетін Олимпиадаға қанша қаражат қарастырып отырғанын Мәдениет және спорт министрлігі де, Ұлттық Олимпиада комитеті де ашып айтпай отыр. Тек тиісті органдар Олимпиадаға қатысты жол картасын әзірлеп, дайындық жұмыстарына қызу кірісіп кеткен екен.

Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дауешовтің айтуынша, Пекин қаласында 2022 жылғы XXIV қысқы Олимпиада ойындарына дайындық барысы туралы жол картасы әзірленіп, бекітілді. Жол картасында облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың дене шынықтыру және спорт басқармаларына, ведомстволық ұйымдарға, Ұлттық Олимпиада комитетіне және қысқы спорт түрлері бойынша федерацияларға нақты тапсырмалар берілген.

«2020 жылдан бастап 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына лицензияларды жеңіп алу бойынша түрлі әлемдік лицензиялық, рейтингтік турнирлер өткізіледі. Қазақстандық спортшылар, сондай-ақ басқа елдердің спортшылары да осы турнирлерге қатыса отырып, Олимпиада ойындарына қатысу үшін рейтингтік ұпай жинайды. Соңғы лицензиялық турнир 2022 жылдың қаңтар айында өтеді. 2022 жылғы қаңтар айының соңында рейтингтік турнирлердің қорытындысы шығарылып, лицензия саны айқындалады. Олимпиада ойындарының алдында біздің спортшылар 50-ге жуық лицензиялық турнирге қатысуды жоспарлап отыр. Оның ішінде шаңғы жарысы, биатлон, конькимен жүгіру спорты, шорт-трек, фристайл-могул, фристайл-акробатика және тұғырдан шаңғымен секіру бойынша іріктеу жарыстарына қатысады», ˗ дейді вице-министр.

Белгілі болғандай, министрлік «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын дайындап жатыр. Онда жергілікті атқарушы органдардың жұмысына бақылау-қадағалау бойынша органның құзыретін күшейту көзделген.

Еркежан Айтқазы, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары