Ол финалда жапон палуанынан жеңіліп қалды
Норвегияның Осло қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында әйелдер күресінен 72 келі салмақ дәрежесіндегі финалдық кезең аяқталды деп хабарлайды Olympic.kz.
Аталған салмақ бойынша финалда белдескен қазақстандық Жәмила Бақбергенова жапониялық Масако Фуруитиден жеңіліп қалды. Қорытынды есеп - 0:3.
Бұл Жәмиланың ересектер арасындағы әлем чемпионатында еншілеген алғашқы медалі. Бұған дейін ол 2019 жылы Нұр-Сұлтанда өткен әлем чемпионатының қола жүлдесі үшін күресіп, тап осы Масакодан 0:2 есебімен ұтылған болатын.
«Ағайым екеуміз алтын аламыз деп ойлағанбыз. Бірақ күмістің өзіне де шүкір. Бірақ көңілім толмайды. Себебі, ұтылып қалған соң, күмістің өзі қола сияқты болып қалады екен. Ендігі мақсат - олимпиадалық салмаққа ауысып, Олимпиада мен Азия ойындарына дайындалу», - дейді Жәмила.
Ослодағы әлем чемпионатын Қазақстан әйелдер командасы жалғыз медальмен аяқтады. Ал еркін күрес шеберлерінің еншісінде бірде-бір медаль жоқ.
«Күмістің өзі үлкен көрсеткіш. Жәмила финалда біраз тұрып қалды. Қарсыласы мұны сәтті пайдаланды. Кездесу біткен соң да, көп қимылдамай, қарсыласын күтіп қалғанын өзі айтып жатыр. Міне, жапон қызына екінші рет есе жіберіп отыр. Ал жартылай финалда кездескен түркиялық балуаннан Бақбергенова бұрын үш рет жеңілген еді. Төртінші белдесуінде есе қайтарды.
Жәмиланың жеңісі әлі алда. Оның жүлде беретін кезі де әлі алда деп есептеймін», - дейді бас бапкер.