Елімізде Олимпиада чемпиондарына төленетін өмір бойғы төлем мөлшері өседі

Автор: Аманалиева Тоғжан

2022 жылдан бастап төлем мөлшері 306 300 теңгеге көтеріледі

Фото ашық дереккөзден

Елімізде Олимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлеріне, сол сияқты олардың жаттықтырушыларына өмір бойы төленетін ай сайынғы төлем көлемін арттыру жоспарланып отыр. Қаулының жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері және (немесе) спорттың олимпиадалық түрлері бойынша әлем чемпионы атағын жеңіп алған спортшыларға 100 айлық есептік көрсеткіш, оларды дайындаған жаттықтырушыларға 100 айлық есептік көрсеткіш төленеді», - делінген қаулы мәтінінде.

100 АЕК – 291 700 теңге. Ал 2022 жылдан бастап бұл сома АЕК көлемінің өсуіне байланысты 306 300 теңгеге көтеріледі. Қазір спортшылар мен жаттықтырушылар ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы № 1324 қаулысына сәйкес 24 АЕК – 70,008 теңге алып жүр.

«Жоғары спорттық нәтижеге жету үшін әлемдік тәжірибені ескере отырып, спортшы, жаттықтырушы мәртебесін көтеріп, материалдық қолдау көрсету қажет. Мысалы, Ресейде спортшылар мен жаттықтырушыларға әлеуметтік қолдау айына 60 000 рубль мөлшерінде белгіленген, бұл шамамен 352 000 теңге», - делінген құжатта.

Қоғамдық талқылаудың мерімі – 14 қазанға дейін.