Ол ұлттық құрамадағы боксшы қыздардың көбі лесби екенін айтқан болатын
Қазақстандық боксшы қыз Аида Сатыбалдинованың ұлттық құрама қыздарына қатысты мәлімдемесіне ҚР Бокс федерациясының ресми өкілі Аян Төлеген жауап берді деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бұған дейін Сатыбалдинова өзінің Instagram-парақшасында қыздар ұлттық құрамасында басшылар ЛГБТ идеологиясын насихаттайды деп мәлімдеген болатын. Соның салдарынан боксшылардың көбі лесби болып кеткен-мыс.
«Біріншіден, жаңа басшылық келгелі бізге бұл туралы ешкім шағымданып келген жоқ: бапкерлер де, боксшылар да. Екіншіден, биыл өте ауыр жыл болып тұр: біз ерлер және әйелдер арасында әлем чемпионатына дайындалып жатырмыз. Сондай-ақ, Қазақстан чемпионаты болады. Шынын айтсам, қазір сырттағы адамның мәлімдемесіне жауап беретіндей уақыт болып жатқан жоқ. Ол адамның ұлттық құрама ішінде не болып жатқанынан хабары жоқ. Басқа не айтуға болады? Ары қарай жұмыс істеуіміз керек», - деді Аян Төлеген.
Оның айтуынша, Қазақстанда басқа да спорт түрлерінде қыздар құрамалары бар, егер Сатыбалдинованың пайымына салса, онда олардың әрбірінің бапкері жетістік үшін қыздарды ЛГБТ-ға насихаттайды.
«Бұл пікір ақылға қонымсыз. Біздің ұлттық құраманың Азия ойындарында көрсеткен керемет жетістігінен кейін осындай әңгіменің айтылуы да сәйкестік емес шығар... Бұл жақсы емес», - деді федерацияның ресми өкілі.