Көкжота ауылында екінің бірі көкпармен айналысады
Көкпекті ауданына қарасты Көкжота ауылындағы ат спорт мектебі 2007 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Содан бері көкпаршылар аудандық және республикалық додаларға қатысып, ұлттық ойынның туын желбіретіп жүр. Десе де, аудандағы жалғыз ат спорты клубына жағдай толық жасалмаған. Шабандоздар аудан әкімінің «ипподром салып береміз» деген уәдесінен әлі сеніп келеді.
Бастауыш және Көкжота ауылдарының азаматтары екі жылдан бері ипподром мен шабандоздарға арналған кешенге қол жеткізе алмай келеді. Ауданның намысын қорғап, ұлттық ойынды ұлықтап жүрген спорт мектебіне ипподром салуға ауылдың шетінен алақандай жер беру мәселесі шешілмей келеді. Ауылдың жанашыр азаматы өзінің жерін беруге де ниет білдіріпті. Тіпті ат спорты мектебінің бапкері Қанат Қайлибекұлы тиісті құжаттарды дайындап, әкімдіктің табалдырығын талай тоздырған. Алайда, әр барған сайын шенділер «көмектесеміз» деп арқадан қағып шығарып салады.
«Екінің бірі өзін көкпаршы санайтын Көкжота ауылында 2007 жылдан бері осы спорт түрінен клуб ашылды. Ауылдың бары да, салтанаты да – осы клуб. Тек бір мәселе, клуб пен ипподромның арасы аз-кем 80 шақырымды құрайды. Бұл клубы бар Көкжотаға, ипподромы бар Көкпектіге де ыңғайсыз. Аудан әкімдігі бұл деректен хабардар. Бірақ, көмек созайын десе тағы да қолдары жіпсіз байланған», - дейді ат спорты мектебінің бапкері Қанат Қайлибекұлы.
Ауданда әкімдердің ауыс-түйісі де жиілеп кеткен. Бір жылға толар-толмас уақыт ішінде ауданда екі әкім кетіп, үшіншісі келіп отыр. Клубтағылардың айтуынша, бұрынғы әкім Асхат Смайлов ат спорты мектебіне айтарлықтай көңіл бөле бастағанымен, кейінгі басшылық құр уәдемен көңіл жұбатып келеді екен.
«Көкпаршылардың жарысқа киетін арнайы формасы, айылы, ер-тұрманы, қажеттінің бәрі бар. Аттың жем-шөбіне де жергілікті билік көмек көрсетіп жатыр. Бізге керегі ипподром ғана, соны салып берсе дейміз. Қазір көкпарға Бастауышы мен Көкжота ауылынан 20-ға жуық бала қатысады. Республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысатын 4 спортшымыз бар. 20 атымыз бар. Асхат Сайдахметұлы әкім болып тұрғанда бұрынғы мектепті ат спорты мектебі қылып құруға көп қолдау көрсетті. Серікқазы Сәдуақасов әкім болып тұрғанда осы бағытта 10 млн теңге қаржы бөлінетінін айтты. Қажетті құжаттарды жинап, апарып та бердім. Ол әкіміміз тағы ауысты. Енді бір нәтиже болайын деп жатқанда әкімдер ауысып кете береді», - дейді бапкер.
Аймақта ат спортының дамуына үлес қосқан жандардың бірі – Дархан Ахмадиев. Ол 2007 жылы ауыл жастарының басын қосып, «Дархан» ат спорты клубын құрған. Клуб 2017 жылға дейін өз күшімен жұмыс істесе, 2018 жылы «Көкпектi аудандық ұлттық ат спорты түрлерi бойынша БЖСМ» КММ ретінде тіркелді.
«Көкжотадан бұрын небір мықты палуандар шыққан. Әлі де ойнап жүрген қаншама жігіттер бар. Солардың ізін басып, жолын жалғап, жәдігер мұрамызды өлтірмей сақтап қалатын кейінгі буынның бар екенін білгенде кеудені мақтаныш сезімі кернейді екен. Бүгінде ауылда екінің бірі – көкпаршы, екінің бірінің қорасындағы аты додаға түсіп үйренген. Тек енді осы дәстүрді одан әрі дамытатын әкім керек», - дейді ат спортының бапкері Қанат Қалибекұлы.
Елдегі карантиндік шектеулер тек әлеуметтік салаға ғана емес, ұлттық ат спортына да кесірін тигізген. Шабандосздар республикалық жарыстарға бара алмай қалғанын айтып отыр. Ең болса ауданаралық деңгейде көкпар ұйымдастыруға мүмкіндік берсе екен дейді олар.
Қанат Қалибекұлы көкпаршыларды республикалық ойындарға іріктеу барысында да біраз кемшіліктердің болатынын айтты.
«Шығыс өңірінің атынан республикалық жарысқа шығарда бізді бір апта қалғанда ғана іріктеп, дайындайды. Онда облыстың әр өңірінен мықты ойыншыларды жинағанымен, олар бір-бірінің тактикасын түсінбей, жарыста қателіктерге жол беріп жатады. Әйтпесе өз командасында жақсы ойыншылар бар. Айтайын дегенім, үлкен додаларға іріктегенде кемінде бір ай бұрын дайындаса. Сонда ғана спортшылар өзара түсінісетін болады», - дейді бапкер Қанат Биқатов.
Тағы бір мәселе: спортшылар жарысқа барғанда атты өздері күзететін көрінеді.
«Спортшыларды жарысқа барып, қайтқанға дейін өздері ат күзетеді. Бұл оларға тиімсіз. Ұзақ жолдан шаршап барған ойыншы ат күзетіп, ертесі ойынға қатысады. Одан қандай нәтиже шығады деп ойлайсыз?! Көкпаршылармен бірге бапкерлерін де апару керек. Жол бойы аттарды бапкерлер күзетіп, жем-шөбін береді. Айналып келгенде барлығы қаржы мәселеге тіреліп тұр», - дейді Қанат Биқатов.
Айта кетейік, Көкжота ауылындағы ат спорты мектібі 13 адамды жұмыспен қамтып отыр. Мұнда ат спортымен айналысатын балалардың ең жасы 11 жаста.
Шығыс Қазақстан облысында барлығы 28 ат спорты мектептері бар. Олардың бәрі әкімдікке қарайды. Олардың ішіне ат спортымен айналысатын ұйымдар да кіреді. Спорт басқармасының басшысы соңғы екі жылдан бері спорттың бұл түріне көңіл бөлінбей кеткенін мойындайды.
«Ипподромды салу жергілікті әкімдіктің құзретіне кіреді. Себебі жер Көкпекті ауданы әкімдігіне тиесілі. Сондықтан құрлысты әкімшілік жүргізеді. Жуықта ғана әр аудандағы спорттық нысандармен таныстым. Көкжотадағы ат спорты мектібіне де бардым. Ол жерде компьютер жоқ екен. Сол күні оларға компютер алып, интернет орнатып бердік. Біз аталған ауылда ұлттық спортты дамыту үшін жүйелі жоспар құруымыз керек. Бұл бүгін-ертең шешіле қоятын мәселе емес. Бірақ алдағы уақытта шешімін табады деп ойлаймын», - дейді Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Досжан Уалханов.
Оның айтуынша, көкпаршылардың жарысын ұйымдастыру үшін бюджеттен қыруар қаржы жұмсау қажет. Ал, басқармада ондай жоспар әзірге жоқ сияқты.
«Біз барлық спортшының жарысқа қатысуын қалаймыз. Әсіресе, жасөспірімдерге көмек көрсетуге тырысамыз. Бірақ бізде қаржылық жағынан проблема бар. Спортшыларды Қазақстан республикасының чемпионатына 18-20 күн қалғанда дайындаймыз. Жарыстан кейінгі дене сауықтыру жаттығуы 10 күн болады. Негізі бұл мәселеге Ат спорты федерациясы жауапты», - дейді Досжан Уалханов.
Аталған мәселе бойынша аудандық әкімдікке де хабарластық. Әкімдік өкілдері Көкжотада ипподром салуға жердің берілетінін айтты. Бірақ, қаражатты облыс әкімдігі бөлуі тиіс деді олар.
«Ат спорт мектебі біздің қарамағымызда емес, облысқа қарайды. Бізге салса спорт мектебін дамытуды қалаймыз. Егер облыс ипподром салуға қаржы бөліп, ат спортын дамытуды көздесе, біз жер беруге дайынбыз», - дейді аудан әкімінің орынбасары Марат Қапарұлы.
Таунар Қайратұлы, Шығыс Қазақстан облысы