Отандық боксшылардың ешбірі Олимпиада ойындарының финалына шыға алмады
Тәуелсіздік алған уақыттан бері қазақстандық боксшылар жазғы Олимпиада ойындарының бәрінде кемі бір алтын медальдан алып отырғаны белгілі. Алайда, Токиодан ұлттық құрама боксшылары небәрі екі қола медальмен елге қайтатын болды.
Бүгін бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев журналистермен онлайн брифинг өткізіп, шәкірттерінің сәтсіз өнер көрсетуін өзінше түсіндірмек болды. Журналистер болса одан отставкаға кету мәселесін сұрады.
«Боксшылардың осындай нәтижесінен кейін отставкаға кету жағын ойластырып жатқан жоқсыз ба?», - деді тілшілердің бірі ОҚК-да өткен брифингте.
Бас бапкер болса бұл сауалға нақты жауап бере алмады.
«Әрине, ондай ойлар болды. Бірақ, бұл мәселені федерация басшылары шешеді. Дәл қазір бұл сұраққа жауап бере алмаймын», - деді Ғалымбек Кенжебаев.
Еске салайық, Кенжебаев ұлттық құрама тізгінін 2018 жылдың желтоқсанында ұстаған болатын.