Жерлесіміз бірінші раундта басым түскенімен, қалған екі раундта қарсыласының басымдығы байқалды
Токиода өтіп жатқан жазғы Олимпиада ойындарында 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен қазақстандық боксшы Абылайхан Жүсіпов америкалық қарсыласы Деланте Джонсоннан жеңіліп қалды.
Алғашқы раундта 5 төрешінің үшеуі Абылайханның басымдығын көрсеткен. Алайда, екінші раундта бес төреші де ұпайды америкалық боксшыға жазса, соңғы үшінші раундта Жүсіповті тек бір төреші ғана қолдады. Нәтижесінде 1:4 есебімен Деланте Джонсон жеңіске жетті.
Еске салайық, 69 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен қазақстандық боксшылар соңғы төрт Олимпиадада тұғырдан көрініп, алтын медаль алған еді. 2004 жылы Афиныда - Бақтияр Артаев, 2008 жылы Бейжіңде - Бақыт Сәрсекбаев, 2012 жылы Лондонда - Серік Сәпиев, 2016 жылы Риода Данияр Елеусінов Олимпиада чемпионы атанды.