Дакардағы жасөспірімдер олимпиадасы аяқталды: Қазақстан құрамасы 8 медаль еншіледі

Автор: Дәулет Ботагөз

Дакарда өткен жарысты қазақстандық спортшылар 2 алтын, 3 күміс және 3 қола медальмен аяқтады

Фото: olympickz

Сенегал астанасы Дакар қаласында IV жазғы Жасөспірімдер Олимпиада ойындарының салтанатты жабылу рәсімі өтті. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған жас спортшылар бақ сынаған дүбірлі додада қазақстандықтар өз мүмкіндіктерін жоғары деңгейде көрсете білді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Төртжылдықтың басты бәсекесінде ұлттық құрама спортшылары барлығы 8 медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 22-орынға тұрақтады.

Ел қоржынына екі алтын медальді дзюдошы Фатима Сұпығалиева мен шосседегі веложарыста топ жарған Анель Ташбай салды. Үш күміс жүлдені боксшылар Ақнұр Тұрсынғали мен Бибарыс Әшірбай, сондай-ақ семсерлесуші Айбар Қайым иеленді.

Ал қола медальдарға боксшы Марал Төлепберген, таеквондошы Любовь Юн және триатлоншы Рамазан Айнегов қол жеткізді. Осылайша, Дакарда өткен жарысты қазақстандық спортшылар 2 алтын, 3 күміс және 3 қола медальмен аяқтады.