Жекеменшікке өткен «Ордабасы» футбол клубы биыл ел чемпионы атанып, Қазақстан кубогын жеңіп алды
Биыл Қазақстанда бірнеше футбол клубы жекеменшікке өтті. Жаңа инвесторлар мен басшылықтың келуі кейбір командалардың нәтижесіне оң әсер етіп, жоғары дивизионға көтерілуіне жол ашты. Бұл өзгерістер Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес отандық футболды дамыту және клубтарды коммерциялық басқару жүйесіне көшіру бағытында қолға алынған жұмыстың бір бөлігі. Azattyq Rýhy тілшісі биыл жекеменшік басқаруға өткен футбол клубтарын түгендеп шықты.
«Ақтөбе» футбол клубы биыл 8 қаңтар күні ресми түрде жекеменшікке берілді. Белгілі болғандай, бұл ұжым Qazaq Stroy Properties компаниясының жекеменшігіне өткен.
Аталған компания «Ақтөбе» футбол клубын ұзақ мерзімді даму жоспары бар, тұрақты әрі жүйелі спорттық жоба ретінде қарастырады. Жаңа басшылық клубты дамыту үшін алдына бірнеше мақсат қойды:
«Ордабасы» футбол клубы Шахмұрат Муталиптің иелігіне берілді. Осыған байланысты биыл 16 ақпан күні қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Integra Construction KZ» ЖШС басшылығы келісімге қол қойды.
«Ордабасы» – тарихы бай әрі жанкүйерлері мықты қолдайтын клуб. Біздің алдымызда инфрақұрылымға, жас ойыншыларды даярлауға және бәсекеге қабілетті команда қалыптастыруға баса мән бере отырып, клубтың тұрақты дамуын қамтамасыз ету міндеті тұр», – деді ол.
Осы тұста айта кетерлігі, шымкенттік ұжым биыл Қазақстан чемпионы атанып, ел кубогын жеңіп алды.
«Оқжетпес» биыл 18 ақпан күні кәсіпкер Иван Сауэр жетекшілік ететін арнайы қоғамдық қордың басқаруына өтті. Клубты қолдау үшін «Оқжетпес» ФК қоғамдық қоры құрылды.
Команданы қаржыландыруға өңірдегі ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен бизнес өкілдері бірлесе атсалысады. Қорға кез келген кәсіпкер құрылтайшы немесе демеуші ретінде қосыла алады.
«Елімай» ұжымы. Аймақта футболды дамыту үшін облыс әкімі Берік Уәли 28 ақпан күні KAZ Minerals тобының басшылығымен және «Елімай» футбол клубының өкілдерімен кездесті.
KAZ Minerals тобы клубтың жұмысын ұйымдастыруға, оның ішінде командалардың Қазақстандағы ішкі жарыстар мен еурокубоктарға қатысуына қатысты міндеттемелерін растады.
«Елімай» футбол клубы – бұл жай ғана спорттық команда емес, Абай облысының тарихи және заманауи болмысының бір бөлігі. Біз үшін клубтың дамуы инфрақұрылымға және жас спортшыларды даярлауға негізделген жүйелі әрі тұрақты болғаны маңызды. Мемлекет пен бизнестің сындарлы өзара іс-қимылы өңірде футболдың одан әрі дамуын қамтамасыз етеді деп сенемін», – деді Берік Уәли.
«Тұран». Футбол ұжымы биыл 20 наурыз күні миллиардер Дінмұхаммед Ыдырысовқа тапсырылды. Команда сол тұста Қазақстан Премьер-лигасының түсіп қалып, төменгі дивизонда өнер көрсеткен. Қазір бұл ұжым маусым қорытындысы бойынша жоғары лигаға жолдама алды.
«Тобыл» футбол командасын кәсіпкер Шухрат Ибрагимовқа тапсырылды. Ол Қазақстанның 50 ықпалды бизнесмені арасындағы рейтингте 8-орында тұр.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың футболды коммерцияландыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, ERG директорлар кеңесінің төрағасы – бас атқарушы директоры Ш.Ибрагимов қостанайлық «Тобыл» футбол клубының жаңа бас құрылтайшысы атанады. Мұндай ірі әрі сенімді серіктестің қолдауымен ұжым жаңа жетістіктерге жетуге мүмкіндік алады», – деп жазды Қостанай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі Instagram парақшасында.
«Атырау» футбол ұжымы биыл 26 мамыр күні ресми түрде жекеменшікке өтті. Облыстық Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының мәліметінше, тендер қорытындысы бойынша 100% үлесі «Caspian Football Group» ЖШС-ге сатылды.
«Бұл қадам клубты кәсіби дамытуға, инвестиция тартуға және өңірлік футболдың жаңа деңгейге көтерілуіне мүмкіндік береді. «Атырау» клубына жаңа жетістіктер мен жарқын жеңістер тілейміз!» – деп жазды аталмыш басқарма.
«Ертіс» футбол клубы. Павлодарлық ұжым кеше ресми түрде басқарудың коммерциялық үлгісіне көшті. «Ертіс» ФК баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа жеке инвесторлармен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды: «Павлодар өзен порты» АҚ (50%), «RR-CAPITAL» ЖШС (25%) және «Біріккен жеміс-көкөніс компаниясы» ЖШС (25%).
Алайда мемлекет тарапынан балалар мен әйелдер футболын дамытуға қаржылай көмек көрсетіле береді. Биыл команданы қаржылай қолдауға 250 млн теңге бөлінген. Жыл соңына дейін тағы 250 млн теңге бөлу жоспарланып отыр. Ал алдағы уақытта инвестиция көлемі жыл сайын кемінде 1,5 млрд теңге болмақ.
Айта кетейік, былтыр Қарағандының «Шахтер» командасы Тимур Турлов басқаратын Freedom Holding Corp компаниясына, Астананың «Жеңіс» клубы Михаил Ломтадзе жетекшілік ететін Kaspi Bank-ке, Петропавлдың «Қызылжар» командасы Сергей Кан басшылық ететін «ОАЭК» компаниясына, Қызылорданың «Қайсары» Исламғали Қозбақовтың TAU GROUP-қа, Тараздың «Тараз» командасы Sport Holding SD Family компаниясына берілген.