Елена Рыбакина Қытайдағы турнирде екінші жыл қатарынан чемпион атанды

Автор: Алмас Ерсін

Қазақстандық теннисші Нинбода өткен WTA 500 санатындағы турнирдің финалында Лейла Фернандесті жеңді

Фото: ҚТФ

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Қытайдың Нинбо қаласында өткен WTA 500 санатындағы турнирде жеңіске жетті. Әлемдік рейтингтің бірінші сатысындағы спортшы финалда канадалық Лейла Фернандесті 6:2, 6:2 есебімен сенімді түрде ұтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Финалдық кездесу 1 сағат 17 минутқа созылды. Бірінші нөмірмен жеребеге түскен Рыбакина әлемдік рейтингте 30-орында тұрған қарсыласынан екі сетте де басым түсті. Екі партия да 6:2 есебімен аяқталды.

Матч барысында қазақстандық теннисші үш эйс жасап, екі рет қос қателікке жол берді. Сондай-ақ бес брейк-пойнттың төртеуін сәтті пайдаланды.

Осылайша, Рыбакина Нинбодағы чемпиондық атағын екінші жыл қатарынан қорғап қалды. Ол бұл турнирде алғаш рет 2025 жылы жеңіске жеткен еді.

Бұл – қазақстандық спортшының 2026 жылғы маусымдағы төртінші титулы әрі WTA турнирлеріндегі кәсіби мансабындағы 15-чемпиондығы.

Маусым аяқталғанға дейін Рыбакина тағы екі турнирге қатысуы керек. 26 қазан мен 2 қараша аралығында Токиода өтетін WTA 500 жарысында бақ сынаса, 9–16 қараша күндері WTA Finals қорытынды турниріне қатысады.

Қазақстандық теннисшіге рейтингтік ұпайларын қорғау міндеті тұр. Өткен жылғы Токио турниріндегі нәтижесі үшін 195 ұпайын, ал WTA Finals жарысында чемпиондық атағы үшін алған 1500 ұпайын сақтап қалуға тырысады.