Исхар Құрбаев Астанада өтіп жатқан әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды

Спортты дамыту дирекциясының хабарлауынша, бұл — Астана төріндегі әлем чемпионатында ел құрамасы еншілеген алғашқы жүлде

Исхар Құрбаев Астанада өтіп жатқан әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Астанадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде өтіп жатқан күрес түрлерінен ересектер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына алғашқы жүлде түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Грек-рим күресінен 55 кг дейінгі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған 23 жастағы Исхар Құрбаев әлем біріншілігінің қола медалін жеңіп алды.

Отандасымыз үшінші орын үшін таласта Үндістан өкілі Лалит Лалитпен шеберлік байқасып, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Қола жүлде үшін белдесуде 23 жастағы қос палуан тағы да кездесті. Олар биыл жазда Мажарстанда өткен рейтингтік турнирде күш сынасып, Исхар Құрбаев 18:10 есебімен жеңіске жеткен болатын. Бұл жолы да қазақ балуаны жеңіске жетті. 

Исхар жарыс барысында Жапония өкілі Кагетора Окамотоны, Өзбекстан балуаны Ихтиёр Ботировты және Молдова өкілі, Еуропа чемпионы Артём Делянуды жеңген. 

Құрбаев бұған дейін U20 әлем чемпионы, U23 Азия чемпионы атанып, U23 әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленген.

ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының хабарлауынша, бұл — Астана төріндегі әлем чемпионатында ел құрамасы еншілеген алғашқы жүлде.