Астанада «Самұрық-Қазына» қолдауымен спорттық биден жастар арасында әлем чемпионаты өтті
Ауқымды турнирдің ұйымдастырушылары – ҚР Спорттық би федерациялары қауымдастығы мен «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры
24–25 қазанда Астанадағы Конгресс-орталықта алғаш рет Дүниежүзілік би спорты федерациясының Youth Solo Latin санатында қыздар арасындағы әлем чемпионаты ұйымдастырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Samruk-Kazyna Trust корпоративтік қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ауқымды турнирдің бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» АҚ. Ал ұйымдастырушысы – ҚР Спорттық би федерациялары қауымдастығы мен «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры.
Астана төрінде өтіп жатқан әлем біріншілігіне 15 мемлекеттен 69 спортшы қатысуда. Олардың ішінде Армения, Болгария, Италия, Чехия, Швеция сынды елдердің бишілері бар.
Қазақстан құрамасы чемпионатта ел намысын 34 жас спортшымен қорғап жатыр. 2008–2014 жылдары туған қыздар Solo Latin бағдарламасы бойынша сынға түсуде. Чемпионаттың ресми ашылу салтанатына Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов қатысты.
«Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов бұл беделді біріншіліктің елімізде өтуі спорттық бидің дамуына жаңа серпін беретінін атап өтті.
«Биыл «Самұрық-Қазына» АҚ-ның құрылғанына 20 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде компаниялар тобының қолдауымен спорт, мәдениет, инклюзивті білім беру және бейімделген спорт салаларында жүздеген жоба жүзеге асырылды. Бүгінде бұл бастамалар жыл сайын 1 миллионнан астам қазақстандыққа жаңа мүмкіндіктер сыйлап келеді. Біз үшін мұндай жобалардың маңызы ерекше. Олардың басты мақсаты – адамдарға нақты көмек көрсету, балалар мен жастардың қабілетін ашуға жағдай жасау және әрқайсысының өз әлеуетін толық іске асыруына мүмкіндік беру», – деді ол.
Starlight Grand Cup халықаралық турнирі аясында өтіп жатқан жарыс отандық жас бишілердің халықаралық аренада шеберлігін шыңдауға жол ашады.