«Алғаш рет бірінші орынға шықты»: Тоқаев семсерлесуден Әлем Кубогы кезеңінің жеңімпаздарын құттықтады
Осы арқылы Қазақстан спортшылары Халықаралық семсерлесу федерациясының (FIE) рейтингінде алғаш рет бірінші орынға шыққан
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Касабланкада өтіп жатқан семсерлесуден Әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы атанған Қазақстан құрамасын құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы президенттің кеңесшісі-баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлім етті.
«Осы жеңістің нәтижесінде спортшыларымыз Халықаралық семсерлесу федерациясының (FIE) рейтингінде алғаш рет бірінші орынға шықты. Қасым-Жомарт Тоқаев спортшылар әлемнің ең айтулы додаларында Қазақстанның көк туын желбірете беруіне тілектес екенін білдірді», - деп жазды Смадияров.
Айта кетейік, Ұлттық Олимпиада комитетінің ресми сайты хабарлағандай, Марокконың Касабланка қаласында өтіп жатқан семсерлесуден әлем кубогы кезеңінде Қазақстан ерлер құрамасы жеңімпаз атанған еді. Командалық сайыстың финалында қазақстандық шпагашылар Ресей құрамасын 45:40 есебімен жеңді.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы ширек финалда Мысырдан басым түссе, жартылай финалда Францияны жеңді. Сонымен қатар жарыс барысында Түркия мен Гонконг құрамаларын да тізе бүктірді.
Ұлттық құрама сапында Александр Федотов, Кирилл Павлов, Кирилл Проходов және Вадим Шарлаимов өнер көрсетті.