15–18 қазан күндері аралығында өткен жарыста ұлттық құрама жалпы үш кездесу өткізген
Жапонияның Саппоро қаласында шайбалы хоккейден әйелдер арасында өтіп жатқан Азия чемпионаты өз мәресіне жетуге жақын. Аталған додада Қазақстан әйелдер құрамасы сәтті өнер көрсетіп, қола жүлдеге ие болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі хабарлағандай, 15–18 қазан күндері аралығында өткен жарыста ұлттық құрама жалпы үш кездесу өткізген.
Қазақстан құрамасы турнирдің алғашқы кездесуінде жарыс қожайыны Жапония хоккейшілеріне 0:4 есебімен есе жіберіп, екінші ойында Қытай құрамасынан 1:2 есебімен жеңілді. Ал шешуші матчта Оңтүстік Кореяны 5:1 есебімен айқын басымдықпен жеңіп, Азия чемпионатының қола жүлдесін иеленді.
Қазақстан құрамасы үшінші орынды иеленгеннен кейін, Азия чемпионатының алтын жүлдесі үшін өтетін финалдық ойында Жапония мен Қытай құрамалары өзара мықтыны анықтайды.