Іс-шараға 12–25 жас аралығындағы 200-ге жуық жас спортшы қатысты
Астананың Байқоңыр ауданындағы Кемал Ататүрік атындағы саябақта орналасқан Fly Park скейт-паркінде Fly-Park LAST RIDE-26 экстремалды спорт түрлерінен жарыс өтті. Іс-шараға 12–25 жас аралығындағы 200-ге жуық жас спортшы қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жарыс BMX фристайлы және трюктік самокат (Scoot) бағыттары бойынша ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында көше спорты мәдениетін дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және бос уақытты тиімді өткізуге жағдай жасау.
«Мұндай іс-шаралар жастар үшін өте маңызды. Олар аудан әкімдігінің өз бастамаларына қолдау көрсететінін сезінеді. Біз жастарды бір ортаға жинап, олардың идеяларын жүзеге асыруына көмектесуге тырысамыз. Fly Park скейт-паркі биыл мамыр айында экстремалды спорт түрлерімен айналысатын жастар үшін арнайы салынды. Мұнда олардың қауіпсіз жаттығуына, шеберлігін шыңдауына және өзара тәжірибе алмасуына жағдай жасалған. Сонымен қатар жастар арасында қаланың тазалығын сақтау, вандализмнің алдын алу және есірткіден аулақ болу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Алдағы уақытта да спорттық инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын жалғастырамыз», – деді Байқоңыр ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Арман Баянбеков.
Іс-шара ұйымдастырушысы Зейін Жақитовтың айтуынша, бұл – 2026 жылғы маусымның қорытынды жарысы. Мұндай сайыстар жылына екі рет өткізіледі. Алдағы уақытта олардың санын арттыру жоспарланып отыр.
«Қазір BMX фристайлы мен трюктік самокат спорты жастар арасында кеңінен танылып келеді. Жаңадан қосылып жатқан қатысушылар саны артып, спорттық инфрақұрылым да дамып жатыр. Бұл бағытта қала әкімдігі қолдау көрсетіп келеді. Астанада бес скейт-парк бар. Олардың әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Fly Park – елордадағы осындай үлгідегі жалғыз алаң. Дегенмен қыс мезгілінде жаттығуға арналған жабық алаң мәселесі өзекті болып отыр. Қазіргі уақытта спортшылар ашық алаңда жылына шамамен алты ай ғана толыққанды жаттыға алады», – деді ол.