15.10.2026, 16:43
Спорт

Шымкент қаласында үш бірдей шахмат үйі ашылды

Салтанатты іс-шараларға қала әкімі мен FIDE президентінің өзі қатысты

Шымкент қаласында үш бірдей шахмат үйі ашылды
Фото: Шымкент қаласының әкімдігі

Шымкент қаласында бір емес, үш бірдей шахмат үйі ашылды. Атап айтқанда, Абай атындағы саябаққа, Металлургтер саябағы мен қаланың17-шағын аудандағы жаяу жүргіншілер аллеясына келген қала тұрғындары енді шахмат ойнай алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Жаңа нысандардың салтанатты ашылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) және Қазақстан шахмат федерациясының (KazChess) президенті Тимур Турлов қатысты.

Ғабит Сыздықбеков атап өткендей, бұл шахмат үйлері тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, балалар мен жастардың ой-өрісін кеңейтуге зор үлесін қоспақ.

«Қаламызда шахматқа деген қызығушылықтың жыл сайын артып келе жатқаны қуантады. 2024 жылы Орталық саябақта ардагерлер мен аға буын өкілдеріне арналған Шахмат үйі ашылған болатын. Бүгінде бұл игі бастама жалғасуда. Жаңа нысандар тұрғындарға бас қосуға, шахматпен тұрақты айналысуға және бос уақытын пайдалы өткізуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да бұқаралық спортты дамытуға және дарынды спортшыларды қолдауға ерекше көңіл бөлеміз», – деді Ғабит Сыздықбеков.

Айта кетейік, ең үлкен шахмат үйі Абай атындағы саябақта орналасқан, оның аумағы – 223 шаршы метр. Қалған екі павильонның әрқайсысының ауданы 81 шаршы метрді құрайды. Олардың бірінде жазғы терраса қарастырылған. Барлық нысан арнайы шахмат үстелдерімен жабдықталған.

FIDE және KazChess президенті Тимур Турлов шахмат инфрақұрылымының қолжетімді болуы болашақ чемпиондарды даярлау және шахмат қозғалысын одан әрі дамытуда маңызды екенін атап өтті.

«Шымкент турнирлер саны мен дарынды ойыншылардың, әсіресе балалар мен жастардың үлесі бойынша көшбасшы қалалардың қатарына сенімді түрде еніп келеді. Дегенмен, чемпиондар өздігінен қалыптаспайды. Үлкен спорт бұқаралық қызығушылық пен ойынға деген сүйіспеншіліктен басталады. Сондықтан бірден үш шахмат үйінің ашылуын маңызды қадам деп санаймын. Бұл нысандар қаланың қоғамдық өмірінің ажырамас бөлігіне айналып, Шымкенттің Қазақстан мен Орталық Азиядағы жетекші шахмат орталықтарының бірі ретіндегі орнын нығайта түсетініне сенімдімін», – деді Тимур Турлов.

Нысандардың құрылысын Freedom Holding Corp. компаниясы «Freedom Шапағат» корпоративтік қоры арқылы қаржыландырды. Құрылыс жұмысын «Орда-Строй Капитал» ЖШС атқарған нысандар пайдалануға берілгеннен кейін Freedom Telecom оларды интернет желісіне қосуды жоспарлап отыр.