Қазақстан Азия ойындарының кезекті жарыс күнінде 13 медаль жеңіп алды

Автор: Алмас Ерсін

Ел құрамасы үш алтын, екі күміс және сегіз қола медаль жеңіп алды.

Фото: ҚР ҰОК/Нұрғали Жұмағазы

2 қазанда Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында кезекті жарыс күні аяқталды. Қазақстан құрамасы бір күнде 13 медаль жеңіп алды: үш алтын, екі күміс және сегіз қола, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ұлттық Олимпиада комитетіне сілтеме жасап.

Осылайша Азия ойындарының 13-ші жарыс күнінен кейін Қазақстан құрамасының еншісінде 77 медаль бар. Оның 12-сі – алтын, 21-і – күміс, 44-і – қола. Қазақстан жалпы командалық есепте сегізінші орында тұр.

Бұл күннің басты жетістіктерінің бірі қазақстандық боксшылардың жеңістері болды. Торехан Сабырхан 70 келіге дейінгі салмақта алтын медаль алды. Финалда ол Иордания өкілі Зеяд Ишаишпен кездесіп, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жетті. Бұл Қазақстанның Азия ойындарындағы бокстан 2014 жылдан бергі алғашқы алтыны болды. Сонымен қатар Сабырхан 2026 жылғы Азия чемпионатының финалында Ишаиштен жеңілгені үшін реванш алды.

Бокстан Қазақстанға екінші алтынды Айбек Оралбай әкелді. 90 келіден жоғары салмақтағы финалда ұлттық құраманың капитаны Өзбекстан өкілі Жахонгир Зокировпен жұдырықтасты. Бірінші раунд 3:2 есебімен қазақстандық спортшының пайдасына аяқталса, екінші раундта барлық төреші Оралбайға басымдық берді. Нәтижесінде Айбек жеңіске жетіп, Азия ойындарының чемпионы атанды. Қазақстан бокс турнирін екі алтын және үш қола медальмен аяқтады.

Таэквондодан Тамирлан Тлеулес тарихи жеңіске жетті. Қазақстандық спортшы 58 келіге дейінгі салмақта Азия ойындарының чемпионы атанды. Финалда ол Филиппин өкілі Курт Брайан Барбосаны 2:0 есебімен жеңді. Бұл Қазақстан тарихындағы Азия ойындарындағы таэквондодан алғашқы алтын медаль болды.

Таэквондодан Батырхан Төлеғали да жүлдегер атанды. 80 келіге дейінгі салмақтың жартылай финалында ол Қытай Тайбэйінің өкілі Хун Цзюнь-иге 1:2 есебімен есе жіберіп, қола медаль алды.

Тағы бір қола медаль виртуалды таэквондодан Рита Бакишеваға бұйырды. Қазақстандық спортшы Иордания мен Үндістан өкілдерін жеңіп, жартылай финалда Филиппин спортшысы Джус Габриэль Дерик Япеге жол берді. Виртуалды таэквондо Азия ойындарының бағдарламасына алғаш рет енгізілген.

Қазақстандық спортшылар күрестен бірден төрт медаль жеңіп алды. Күміс жүлдені Эльмира Сыздықова иеленді. 76 келіге дейінгі салмақтың жартылай финалында ол Қытай спортшысы Ли Вэньцзиді 9:8 есебімен жеңді. Финалда Сыздықова Жапонияның Олимпиада чемпионы Юка Кагамимен кездесіп, 1:5 есебімен жеңілді. Бұл Эльмираның Азия ойындарындағы екінші медалі. Бұған дейін ол 2018 жылы Джакартада қола алған.

Еркін күрестен Начын Куулар мен Едіге Қасымбек қола жүлдегер атанды. 65 келіге дейінгі салмақта үшінші орын үшін белдесуде Куулар алғашқы кезеңнен кейін КХДР спортшысы Ким Кван Чжиннен 0:3 есебімен жеңіліп жатқан. Алайда қазақстандық балуан таразы басын өз пайдасына аударып, 7:5 есебімен жеңіске жетті.

125 келіге дейінгі салмақта Едіге Қасымбек қола жүлде үшін белдесуде Түрікменстан өкілі Зымамухаммет Сапаровтан басым түсті.

Әйелдер күресінен Зейнеп Баянова қола медаль жеңіп алды. 50 келіге дейінгі салмақта жартылай финалда ол жапон балуаны Юи Сусакиден жеңілді. Үшінші орын үшін кездесуде Баянова Үндістан өкілі Дипаншиді 11:4 есебімен жеңді.

Рината Сұлтанова велотректегі омниум сайысында күміс медаль иеленді. Ол төрт дисциплинаның қорытындысы бойынша 133 ұпай жинап, екінші орынға ие болды. Жеңімпаз жапон спортшысы Юми Кадзихара 136 ұпай жинады. Сұлтанова үшін бұл қазіргі Азия ойындарындағы екінші медаль. Бұған дейін ол тас жолдағы жекелей уақыт жарысында алтын алған.

Дзюдодан Екатерина Токарева 78 келіге дейінгі салмақта қола медаль жеңіп алды. Үшінші орын үшін белдесуде ол Иран өкілі Марьям Барбатты жеңді. Ал Аида Тойшыбекова мен Марат Байқамуров финалдық блокқа шыққанымен, жүлдеге іліге алмады.

Джиу-джитсудан Сейілхан Болатбек 77 келіге дейінгі салмақта үшінші орын алды. Қола медаль үшін өткен белдесуде ол ұлттық құрамадағы әріптесі Адлан Мадаевпен кездесіп, 2:0 есебімен жеңіске жетті.

Теннистен Қазақстан тағы бір қола медаль алды. Анна Данилина мен Юлия Путинцева әйелдер арасындағы жұптық разрядтың жартылай финалында Қытай Тайбэйінің өкілдері Се Шувэй мен Лян Эньшоға қарсы ойнады. Екі сет те тай-брейкке дейін жетіп, қарсыластар 7:6 (7:3), 7:6 (7:5) есебімен жеңіске жетті. Бұл Путинцеваның Азия ойындарындағы екінші қола медалі. Бұған дейін ол жекелей сында үшінші орын алған.

Судағы полодан Қазақстан ерлер құрамасы маңызды нәтижеге қол жеткізді. Жартылай финалда ұлттық команда Қытайды 11:10 есебімен жеңіп, Азия ойындарының финалына жолдама алды. Шешуші кездесуде қазақстандықтар Жапония құрамасымен ойнайды.

Көркем гимнастикадан Қазақстан құрамасы топтық көпсайыстың финалына өтті. Команда сапында Жасмин Жүнусбаева, Аида Хакимжанова, Мадина Мырзабай, Айзере Нұрмағамбетова және Кристина Чепульская өнер көрсетеді. Жарыстың шешуші кезеңі 3 қазанда өтеді.