Бүгін, 10:36
Спорт

Бокстан Төрехан Сабырхан Азия ойындарының чемпионы атанды

Бұл – Қазақстан құрамасының биылғы Азия ойындарында бокс додасындағы алғашқы алтын медалі

Бокстан Төрехан Сабырхан Азия ойындарының чемпионы атанды
Фото: Olympic.kz/Нұрғали Жұмағазы

Боксшы Төрехан Сабырхан Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарының алтын медалін жеңіп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

70 келіге дейінгі салмақта отандасымыз финалда Иордания өкілі Зеяд Ишаишпен күш сынасты. Жекпе-жектің алғашқы раундында төрешілердің барлығы жеңісті Төреханға берді. Екінші раундта да қазақстандық боксшы қарсыласынан басым түсті. Бұған қоса, иорданиялық спортшыдан бір ұпай шегерілді. Нәтижесінде Төрехан Сабырхан басымдығын сақтап, төрешілердің шешімімен жеңіске жетті.

Бұл – Қазақстан құрамасының биылғы Азия ойындарында бокс додасындағы алғашқы алтын медалі.

Айта кетейік, бұл жекпе-жекте Төрехан Сабырхан 2026 жылдың сәуірінде Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында өткен Азия чемпионатының финалындағы жеңілісінің қарымтасын қайтарды. Ол кезде де ол 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің шешуші кездесуінде Зеяд Ишаишпен кездесіп, қарсыласына есе жіберген еді. Нәтижесінде Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанған.