Бұл туралы Жеңіл атлетика федерациясы мәлімдеді
Жапонияда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында спорттық жүрістен жарысқа түсіп, 42,195 шақырымды 3:22:20 уақытта бағындырған Ясмина Тоқсанбаева рекорд жаңартып, алтын жүлде алған еді. Бірақ жарыстан кейін аяқ киіміне қатысты дау туып, оның алтыны мойындалмаған еді. Осыған байланысты Қазақстанның Жеңіл атлетика федерациясы спортшының құқықтары мен мүддесін қорғау жұмысы жалғасатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Федерацияның мәліметінше, World Athletics ұйымының рұқсат берген аяқ киімдер тізімінде ASICS бренді бар. Алайда Ясмина жарыста пайдаланған аяқ киімнің нақты моделі аталған тізімге кірмеген. Және ең бастысы жарыс басталғанға дейін ұйымдастырушылар спортшының аяқ киімін тексеріп, жарысқа қатысуына рұқсат берген.
Федерация дәл қазір Ясминаның алтын медаліне қатысты наразылық білдіріп, тиісті шағым жібергенін айтты.
«Федерация өз жауапкершілігін де жоққа шығармайды. Спортшының сапалы дайындығы мен жарыстағы нәтижесінен бөлек, белгіленген регламенттер мен техникалық талаптарды сақтау, сондай-ақ халықаралық спорт ұйымдарында спортшылардың мүддесін тиімді қорғау да маңызды. Федерация өз тарапынан Ясминаға толыққанды оқу-жаттығу процесін, медициналық-биологиялық сүйемелдеуді және дайындыққа қажетті барлық жағдайды қамтамасыз етті. Бұл еңбектің нәтижесі жарыс жолында көрінді. Ясмина мәреге бірінші болып жетіп, чемпиондық нәтиже көрсетті», - деп мәлімдеді Жеңіл атлетика федерациясы.
Осы тұста федерация ел спортшыларының халықаралық аренадағы мүддесін қорғау жұмысын одан әрі күшейту қажет екенін алға тартты.
«Кешенді халықаралық жарыстарда бұл бағыттағы жұмысты Ұлттық Олимпиада комитеті үйлестіреді. Қазақстанның барлық спорт ұйымдарының ортақ міндеті – спортшы жарысқа шыққанда өзінің дайындығына, сонымен қатар құқықтары мен мүддесі кәсіби деңгейде қорғалатынына да сенімді болуы үшін барлық қажетті шараны қабылдау. Біз үшін Ясмина – чемпион. Федерация оны қолдауды жалғастырады. Біздің жіберген шағымымыз бен наразылығымыздың нәтижесіне қарамастан, чемпионға тиесілі барлық сыйақы Федерацияның өз қаражаты есебінен толық көлемде төленеді», - деді Жеңіл атлетика федерациясы.