Азиада-2026: Қазақстандық спортшылар доданың сегізінші күнінде бес медаль жеңіп алды

Автор: Алмас Ерсін

Қазақстандық спортшылар бір алтын, екі күміс және екі қола жүлде иеленді

Фото: ҚР ҰОК/Владислав Семенов

27 қыркүйекте Жапонияның Айчи және Нагоя қалаларында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында кезекті жарыс күні аяқталды. Қазақстан құрамасы бір алтын, екі күміс және екі қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алтын медальді семсерлесуден Қазақстан ерлер құрамасы иеленді. Руслан Құрбанов, Кирилл Проходов, Ерлік Сертай және Вадим Шарлаимов командалық жарыстың финалында Оңтүстік Корея құрамасымен кездесіп, тартысты жекпе-жекте 43:42 есебімен жеңіске жетті.

Жеңіл атлетикадан Нора Джеруто күміс медаль жеңіп алды. Қазақстандық спортшы 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіру финалында 9 минут 06,82 секунд нәтиже көрсетті. Алтын медальді Бахрейн өкілі Винфред Яви, қоланы Үндістан спортшысы Парул Чаудхари иеленді.

Қазақстан қоржынына тағы бір күміс медальді ауыр атлет Аянат Жұмағали салды. 77 келіге дейінгі салмақта ол жұлқа көтеруде 109 келі, серпе көтеруде 137 келі көтерді. Екі сайыс қорытындысында 246 келі жинап, екінші орынға ие болды.

Батут гимнастикасынан Ерлан Тасмағамбетов қола жүлдегер атанды. Ол суперфиналда 54,69 ұпай жинап, үшінші орын алды.

Тағы бір қоланы көркем жүзуден Наргиза Болатова мен Ясмин Туякова жеңіп алды. Жұптық сындағы техникалық және еркін бағдарламалардың қорытындысы бойынша қазақстандықтар 565,7326 ұпай жинап, үшінші орынға тұрақтады.

Әйелдер арасындағы батут гимнастикасында Виктория Бутолина суперфиналға дейін жетті. Қазақстандық спортшы 52,15 ұпай жинап, төртінші орын алды.

Бокстан Айбек Оралбай 90 келіден жоғары салмақта жартылай финалға шығып, Қазақстанға кемінде қола медальді қамтамасыз етті. Ширек финалда ол Қырғызстан өкілі Мырзакир Қошалиевті жеңді.

Су добынан Қазақстан ерлер құрамасы турнирдегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Алғашқы кездесуде Жапониядан жеңілген команда Гонконг құрамасын 29:15 есебімен ұтты.

Спорттық жүрістен марафондық қашықтықта қазақстандық Ясмина Токсанбаева бірінші болып мәреге жетті. Алайда кейін оның пайдаланған аяқ киіміне және оның World Athletics талаптарына сәйкестігіне қатысты наразылық білдірілді. Қазір бұл мәселені Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы қарастырып жатыр. Соңғы шешім кейін қабылданады.

Осылайша, қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында 40 медаль бар: 9 алтын, 10 күміс және 21 қола. Ясмина Токсанбаеваның нәтижесі әзірге жалпы медаль санына қосылған жоқ. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан бесінші орында тұр.

Бұған дейін жеті жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасында 35 медаль болған: 8 алтын, 8 күміс және 19 қола.

Айта кетейік, Жапонияда өтіп жатқан құрлықтағы басты спорттық додаға Қазақстан атынан спорттың 35 түрінен 558 спортшы қатысып жатыр. ХХ жазғы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтеді.