Қазақстандық шахматшы қыздар Олимпиадада екінші орынға көтерілді

Автор: Алмас Ерсін

Қазақстандықтар шешуші тур алдында екінші орында

Фото: instagram.com/bibisarachess

Самарқандта өтіп жатқан 46-шы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында Қазақстан әйелдер құрамасы кезекті жеңісіне қол жеткізді. Оныншы турда ұлттық құрама Франциямен кездесіп, 2,5:1,5 есебімен басым түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алуа Нұрманның тақтасында тең ойын тіркелді. Бибісара Асаубаева мен Елназ Қалиахмет өз партияларында жеңіске жетсе, Меруерт Қамалиденова қарсыласына есе жіберді.

Қазақстан құрамасы қатарынан үш рет тең ойнаған сериясын үзді. 17 ұпай жинаған команда Үндістанды (16 ұпай) басып озып, екінші орынға қайта көтерілді. Көшбасшылықты 18 ұпайы бар Қытай құрамасы сақтап тұр.

Қазақстан ерлер құрамасы да оныншы турда Түрікменстанды 3:1 есебімен жеңді. Сауат Нұрғалиев пен Жандос Ағманов өз партияларында жеңіске жетті. Денис Махнёв пен Алдияр Ансаттың тақталарында тең ойын тіркелді.

Қазақстандық шахматшылар 14 ұпаймен 24-орынға көтерілді. Ерлер арасындағы көшбасшылықты 18 ұпайы бар Өзбекстан құрамасы иеленіп отыр.

Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының қорытынды туры 27 қыркүйекте өтеді. Ал сенбі күні Самарқандта Халықаралық шахмат федерациясының конгресі өтіп, ұйымның жаңа президенті болып қазақстандық кәсіпкер Тимур Турлов сайланды.