Облыс әкімі спортшыларды қабылдап, оларды құттықтады
Жуырда Қырғызстан елінде өткен VІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстанның Батыс Қазақстан облысынан барған спортшылар төрт медальға ие болған. Олардың арасында екі алтын, бір күміс, бір қола жүлде бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Дереккөзге сүйенсек, облыс әкімі Нариман Төреғалиев VІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін, сондай-ақ Муай-тай спортынан әлем чемпионын қабылдаған. Аймақ басшысы спортшылар мен бапкерлерді жарқын жеңістерімен құттықтап, олардың халықаралық бәсекелерде ел мерейін үстем еткенін атап өтті.
«Көшпенділер ойындары – кеше мен бүгінді жалғаған алтын арқау, ат үстіндегі халықтың мәдениеті мен салт-дәстүрін жаңғыртатын жаһандық деңгейдегі бірегей мереке. Білектілер мен жүректілер ел намысын қорғап, сынға түсті. Дала додасында дараланған сіздерді мақтан тұтамыз» – деді Нариман Төреғалиев.
Жалпы, айта кетейік, VІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 113 мемлекеттен 3 мыңға жуық спортшы қатысқан еді. Соның ішінде, Қазақстан құрамасы сапында 150-ден астам спортшы ел намысын қорғап, 74 медальмен көш бастаған. Осы спортшылардың арасында Батыс Қазақстан облысының 7 спортшысы бар, соның төртеуі жүлделі оралған.
«Жерлестеріміз дүбірлі додада төрт медаль иеленді. Санжар Өмекей 12 шақырымдық құнан бәйгеде топ жарып, жеңімпаз атанды. Дәстүрлі садақ атудан Әсемгүл Ғалымжанова «Орта Азия» нысанасы бойынша 40 метр қашықтықтағы сайыста алтын медаль жеңіп алды. Жамбы атудың мажар стилінде Аружан Ықсан күміс жүлдеге қол жеткізсе, Еркебұлан Нығмет самбодан 76 келі салмақ дәрежесінде қола медаль иеленді. Ал Косова Республикасының Пея қаласында өткен 24 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы муайтайдан әлем чемпионатында Ерлан Шамарданов 45 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанды», -деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, жуырда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын абыроймен қорғаған спортшылар мен бапкерлерді қабылдап, оларға мемлекеттік наградалар берген болатын.
Дәл осы кездесуде Батыс Қазақстанның өкілдері де қатысқан екен. Мәселен, дәстүрлі садақ атудан жеңімпаз атанған Әсемгүл Ғалымжанова «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталса, жас шабандоз Санжар Өмекейге Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаты табысталды.
«Кездесу соңында облыс әкімі спортшылар мен олардың бапкерлеріне алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар табыстап, алдағы жарыстарда сәттілік тіледі», - деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.