Екі жылдан кейінгі УЕФА Суперкубогы Астанада өтетін болды
Соған орай «Астана Арена» стадионы жөнделетін болды
УЕФА Атқарушы комитеті 2028 жылғы Суперкубокты Астанада өткізу туралы шешім қабылдады. Матч «Астана Арена» стадионында өтеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі ҚФФ-ға сілтеме жасап.
Ойында УЕФА Чемпиондар лигасы мен УЕФА Еуропа лигасының жеңімпаздары кездеседі.
«Астананы таңдауға Қазақстан футбол федерациясының спорттық инфрақұрылымды дамыту және Еуропа футбол қауымдастықтары одағымен ынтымақтастықты нығайту бағытындағы кешенді жұмысы негіз болды. Қазақстанда мұндай деңгейдегі матчтың өтуі – отандық спорт үшін тарихи оқиға», - делінген хабарламада.
Енді «Астана Арена» стадионының инфроқұрылымы УЕФА-ның ірі еуропалық финалдарды өткізуге қойылатын қатаң регламенттік талаптарына сәйкес жаңғыртылады.