Ол 2025 жылдың қарашасында Геннадий Головкин World Boxing ұйымының президенті болып сайланған
Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Ислам ынтымақтастығы спорт қауымдастығының (ISSA) вице-президенті болып сайланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сайлау Сауд Арабиясының Таиф қаласында өтіп жатқан ISSA-ның 15-ші Бас ассамблеясы аясында ұйымдастырылды.
Геннадий Головкин 2026-2029 жылдарға арналған атқарушы комитет құрамына Азия және Еуропа өңірлеріне жауапты вице-президент ретінде тағайындалды.
«Геннадий Головкин жаңа қызметінде Азия мен Еуропадағы Ұлттық Олимпиадалық комитеттердің атынан ISSA жұмысына қатысады. Ол қауымдастықтың алдағы жұмыс бағыттарын белгілеуге, Ұлттық Олимпиадалық комитеттерге қолдау көрсетуге, спортшылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға және ISSA-ға мүше елдер арасындағы байланысты нығайтуға үлес қосады», - делінген ҰОК хабарламасында.
Айта кетейік, 2025 жылдың қарашасында Геннадий Головкин World Boxing ұйымының президенті болып сайланған еді. Осылайша, ол Олимпиадалық спорт түрлері бойынша халықаралық федерацияны басқарған тұңғыш қазақстандық атанды.