«Рыбакинаның жеке мәдениеті жоғары»: Тоқаев жас спортшыларды әдепті әрі мәдениетті болуға үйретудің маңызын атады
Бүгін президент Көшпенділер ойынынан оралған спортшыларды марапаттады
Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Қырғыз Республикасында өткен VІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарынан жүлделі оралған қазақ спортшыларын құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұлттық спорт түрлерінің өкілдері алдында сөз сөйлеген Тоқаев Үкімет пен әкімдіктердің алдында тұрған аса маңызды міндеттің бірі – осы ұлттық спорт түрлерін дамыту деді.
«Қазір осы салада жұмыс істейтін отыздан астам арнайы мекеме бар. Астанада Ұлттық спорт университеті ашылды. Бұл оқу орны спорт саласындағы кәсіби кадрларды даярлауға шешуші үлес қосады деп жоспарлап отырмыз. «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» да табысты қызмет ете бастады. Елімізде жыл сайын қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, көкпар, бәйге және басқа да спорт түрлері бойынша мыңнан астам жарыс өтеді», - деген президент «Ақ бидай» ауыл ойындары, «Қазақстан барысы» додасы сияқты жарыстарды еске алды.
Ең бастысы, Тоқаев атап өткендей. ұлттық спорт пен олимпиадалық спорт түрлері заң жүзінде тең мәртебеге ие болған. Яғни, қазақ спортының беделі зорайып, мұны бүкіл әлем мойындаған.
«Қазақстан спортшылары әрдайым үздіктер қатарында. Күні кеше даңқты спортшымыз Елена Рыбакина теннистен әлемнің бірінші ракеткасы атанды. Бұл – шын мәнінде өте үлкен жетістік. Мен Елена Рыбакинаны құттықтадым, оның еңбекқорлығы мен шеберлігін атап өтіп, бойындағы жеке мәдениетінің жоғары екеніне ерекше баға бердім», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осылай деген Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, спортшылардың жеңісі, ең алдымен, өскелең ұрпаққа жігер беретінін айтты.
«Жастар сіздерге қарап бой түзейді. Бұл – үлкен мәртебе және зор жауапкершілік. Жеңімпаз, чемпион болу – бір басқа, жеңімпазға, чемпионға лайық үлгі көрсету – бір бөлек. Жас ұрпақты табанды, қайсар, шыдамды болумен қатар, оларды әдепті, мәдениетті, тиянақты болуға үйрету өте маңызды. Сонда жастарымыздың тәні де, жаны да сау, санасы сергек болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.