59 медаль және 16 рекорд: еліміздің ауыр атлеттері Азия чемпионатында топ жарды
Ташкентте ауыр атлетикадан жасөспірімдер мен жастар арасында өткен Азия чемпионаты аяқталды
Ташкентте ауыр атлетикадан жасөспірімдер мен жастар арасында өткен Азия чемпионаты аяқталды. Қазақстан құрамасы құрлықтық додада жоғары нәтиже көрсетіп, ел қоржынына ондаған жүлде салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстандық спортшылар турнир қорытындысы бойынша 59 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 19-ы — алтын жүлде. Сонымен қатар ұлттық құрама спортшылары жарыс барысында 16 рекорд жаңартты: оның 11-і — Азия, 5-еуі — әлем рекорды. Командалық есепте 17 жасқа дейінгі қыздар құрамасы мен 20 жасқа дейінгі жастар құрамасы өз санаттарында 1-орынға ие болды.
Жарыс барысында қазақстандық қос спортшы ерекше нәтижемен көзге түсті. Снежана Кашкарова 3 Азия және 3 әлем рекордын орнатып, Азия чемпионатының «Үздік спортшысы» атанды. Ал Ксения Прозорова жарыс кезінде тағы 2 әлем рекордын жаңартты. Осылайша, Қазақстан құрамасының спортшылары мен бапкерлері халықаралық аренада ел намысын жоғары деңгейде қорғады.