Аргентина құрамасын әлем чемпионаттарынан мәңгіге шеттетуді 23 млн адам талап етті

Автор: Аягөз Құрмаш

Петиция Гиннестің рекордтар кітабына енуге сәл-ақ қалды

Фото: yahoo.com

Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионаты аяқталғаннан кейін желіде Аргентина құрамасын ФИФА аясында өтетін турнирлерден мәңгіге шеттетуге шақырған петиция кеңінен таралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Yahoo.com порталының мәліметінше, үндеу авторлары ФИФА мен төрешілерді Аргентинаға және оның капитаны Лионель Мессиге бұра тартып, жанұшырды деп айыптаған. Петиция сипаттамасында турнир жеңімпазы алдын ала белгілі болғаны, ал қалған командалар тең мүмкіндіктерден мақұрым қалғаны алға тартылады.

Петиция жабылған сәтке қарай ол 170-тен астам елден 23 316 108 қолданушының қолын жинап үлгерді. Бұл Гиннестің рекордтар кітабына тіркелген әлемдік рекордтан сәл ғана кем. Осы уақытқа дейін ең көп қол жинаған 1997-2000 жылдары әлемдегі ең кедей елдердің қарызын кешіруді талап етіп, 24 319 181 қол жинаған Jubilee 2000 халықаралық науқанының петициясы болатын.

Үндеуге деген қызығушылық финалдық кездесуден кейін одан әрі арта түсті. Еске сала кетейік, финалда Испания құрамасы қосымша уақытта Аргентинаны 1:0 есебімен жеңген еді.

Бұған дейін ФИФА финалдық матч аяқталғаннан кейін испаниялық футболшылармен жанжалдасқан Аргентина құрамасының бірнеше өкіліне қатысты тәртіптік тергеу бастағанын растаған болатын. Науэль Молина, Леандро Паредес, Тьяго Альмада, сондай-ақ бас бапкердің көмекшісі Роберто Аяланың әрекеттері тексеруден өтіп жатыр.

Турнир бойы Аргентина құрамасы бірнеше рет дау-дамайдың ортасында қалды. Әлеуметтік желілерде төрешілердің даулы шешімдері, бөлек ойыншылар мен жанкүйерлердің тәртібі қызу талқыланды, сонымен қатар ұйымдастырушылар тарапынан командаға деген ерекше ықылас болуы мүмкін деген теориялар мен басылымдар жиі шықты. Argentina Out петициясы тез арада танымал болып, тарихтағы ең бұқаралық онлайн-үндеулердің біріне айналды.