19.07.2026, 22:29
Спорт

Жібек Құламбаева WTA 250 турнирінің финалында жеңіліп қалды

Қазақстандық теннисші Румынияның Яссы қаласында өткен WTA 250 турнирін күміс жүлдемен аяқтады

Жібек Құламбаева WTA 250 турнирінің финалында жеңіліп қалды
Фото: ktf.kz

Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева (174) мен армениялық Алина Чараева (862) Румынияның Яссы қаласында өткен Unicredit Iasi Open-2026 WTA 250 турнирінің жұптық сынының финалында жеңіске жете алмады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Олар шешуші кездесуде Анастасия Децюк (66) пен Ирина Хромачеваға (48) 6:4, 2:6, 5:10 есебімен есе жіберді.

Турнирдің басты тосынсыйларының біріне айналған қазақстандық-армениялық тандем финалды сенімді бастады. Алғашқы геймнің өзінде қарсыластарының доп беруінде брейк жасап, ойын тізгінін қолға алды. WTA 250 санатындағы турнирдің финалында алғаш рет өнер көрсеткен Құламбаева мен Чараева алғашқы партия барысында тағы бір брейк жасап, сетті 6:4 есебімен өз пайдасына аяқтады.

Чемпиондық атаққа қол жеткізу үшін олар тағы бір ғана сетте жеңіске жетуі керек еді. Алайда екінші партияда жағдай өзгерді. Чехиялық және ресейлік жұп екі рет брейк жасап, кездесудегі есепті теңестірді – 6:2.

Жеңімпаздың тағдыры супертай-брейкте анықталды. Бұл кезеңде Анастасия Децюк пен Ирина Хромачева 6:2 есебімен алға шығып, басымдықтарын сақтап қалды. Бір жарым сағатқа созылған тартысты матчтың қорытындысында чехиялық-ресейлік жұп 4:6, 6:2, 10:5 есебімен жеңіске жетіп, турнирдің бас жүлдесін иеленді.

Осыған дейін Яссыдағы жарысты тағы бір қазақстандық теннисші Юлия Путинцева (82) аяқтаған еді. Ол ауа температурасы 30 градусқа жеткен күні үш сағатқа созылған ауыр кездесуде мысырлық Майар Шерифке (97) 2:6, 6:3, 6:7 (5:7) есебімен жол берді.

Бүгін кешке Майар Шериф жекелей сындағы чемпиондық атақ үшін испаниялық Паола Бадосамен (115) кортқа шығады.

Мақалада
#спорт #теннис