Бублик Гштаадтағы ATP турнирінде сенсациялық жеңіліске ұшырады

Автор: Алмас Ерсін

Қазақстанның бірінші ракеткасы Кентен Галиден жеңілсе, Александр Шевченко турнирдің ширек финалына жолдама алды

Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик Швейцарияның Гштаад қаласында өтіп жатқан ATP 250 турниріндегі өнерін аяқтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Екінші айналымда қазақстандық теннисші Франция өкілі Кентен Галиге жол берді. Рейтингте қарсыласынан әлдеқайда жоғары тұрғанына қарамастан (ATP рейтингінде 11-орын, ал Галиде – 90-орын), Бублик үш сетке созылған кездесуде 7:6 (7:4), 4:6, 6:7 (5:7) есебімен жеңіліп қалды. Матч 2 сағат 23 минутқа созылды. Жаңбырға байланысты үзіліп қалған ойын 17 шілдеде жалғасты.

Ал Қазақстанның тағы бір өкілі Александр Шевченко (ATP рейтингінде 100-орын) жарыстың ширек финалына шықты. Ол 1/8 финалда швейцариялық Доминик Стрикерді (ATP рейтингінде 360-орын) 7:6 (7:5), 6:2 есебімен сенімді жеңді. Бұл кездесу де қолайсыз ауа райына байланысты келесі күнге шегеріліп, 1 сағат 1 минутқа созылды.

Енді турнирдің ширек финалында Александр Шевченко бұған дейін Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бубликті жарыстан шығарған франциялық Кентен Галимен кездеседі.