15 жастағы қазақстандық футболшы «Барселона» клубымен келісімшартқа отырды
Оның келісімі 3 жылға созылады
Қазақстан жасөспірімдер құрамасының вингері Кәрім Меңдіханов Испанияның әйгілі «Барселона» клубымен үш жылдық келісімшартқа қол қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
15 жастағы футболшы Instagram парақшасында келісімшартқа қол қою рәсімінен фотосуреттер жариялады. Кадрларда келісімге қол қою сәті және «Барселона» клубының эмблемасы аясында түскен суреттері көрсетілген.
«Өмірімдегі ең сүйікті клубпен келісімшартқа отырғанымды мақтан тұтамын», – деп жазды жас футболшы.
Кәрім 2022 жылы, 11 жасында әкесімен бірге Испанияға көшкен. Ол футболдағы жолын Каталонияның төртінші дивизионындағы командадан бастап, кейін «Серданьола» және «Сан-Кугат» клубтарында өнер көрсетті. Сол жерде өзін жақсы қырынан танытып, Ла Лига скауттарының назарын аударған.
Нәтижесінде Мендиканов «Барселонамен» үш жылдық келісімшартқа отырып, енді клубтың әйгілі «Ла Масия» академиясында шеберлігін шыңдайды.
2026 жылдың 22 сәуірінде Кәрім алғаш рет Қазақстанның U-16 жасөспірімдер құрамасына шақырту алды. Ол 25–30 сәуір аралығында Шымкентте өткен УЕФА Даму кубогы халықаралық турниріне қатысты.