Бес айлығында шомылдырған: Месси мен Ямальдың 19 жыл бұрын түскен тарихи суреті қызу талқыланып жатыр

Автор: Аягөз Құрмаш

Фейкке ұқсайтын фотосурет шын мәнінде шынайы болып шықты

Фото: @Joan Monfort

Испания мен Аргентина 19 шілдеде 2026 жылғы әлем чемпиондарын анықтайды. Әр команданың құрамы әлемдік футболдың супержұлдыздарына толы, бірақ олардың ішінде Лионель Месси мен Ламин Ямальдың дуэлі ең тартысты әрі жарқын көрінеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Аргентина жартылай финалда ағылшындарды жеңгеннен кейін интернетте бірден тарап кеткен бұл суреттің тарихы ерекше.

2007 жылы испаниялық Diario Sport басылымы сол кездегі «Барселонаның» демеушісі ЮНИСЕФ-пен бірлесіп, каталониялық клубтың жанкүйерлері арасында ұтыс ойынын өткізеді. Жеңімпаздардың баласын «Барселона» жұлдыздарымен бірге күнтізбеге суретке түсіруге уәде береді.

Ұтыс ойыны Африка елдерінен келген екі қоныс аударушының отбасы мен олардың алты айлық ұлы Ламин Ямаль тұратын ауданда ұйымдастырылған болатын. Дәл солардың бағы жанып, жеңімпаз атанады. Отбасы «Камп Ноу» стадионына келуге мүмкіндік алады, онда оларды сол кездегі футболдың жаңадан шығып келе жатқан жарық жұлдызы Лионель Мессимен фотосессия күтіп тұрған еді. 20 жастағы жігіт үшін бұл шара нағыз сынаққа айналды, өйткені ол балалармен қалай қарым-қатынас жасау керегін мүлдем білмейтін. Оның үстіне, баланы пластик легенде шомылдыру керек.

Ол кезде бұл толықша келген сүйкімді балақайдың болашақта Испания құрамасының басты талантына айналып, тіпті кәмелеттік жасқа толмай жатып Еуропа чемпионы атанатынын ешкім елестете де алмаған еді. Жас Месси мен сәби Ямальдың суреті ұзақ уақыт бойы фейк деп есептеліп келді. Шындық болуы үшін тым ертегідей көрінетін. Алайда, бұл күмәнді испаниялық вундеркиндтің әкесі сейілтті.

«Екі аңыздың бастауы»,- деп жазды испандық футболшының әкесі әлеуметтік желідегі әйгілі фотосуреттің астына.

Тура жиырма жылға жуық уақыт өткеннен кейін, екі жұлдызды футболшының текетіресі 2026 жылғы Әлем чемпионаты финалының сәніне айналмақ. Бұл ойынды бүкіл футбол қауымдастығы ғана емес, Ямальдың өзі де тағатсыздана күтіп отыр.

«Мен де біраз есейдім, Лео да. Мен онымен финалда кездесемін деп үміттенемін, әсіресе Финалиссима (Оңтүстік Америка мен Еуропаның үздік құрамаларының матчы) өтпей қалғанын ескерсек», -  деді Ямаль DAZN арнасына берген сұхбатында.