Қазақстанда 30 ірі стадион бар: спорт министрлігі биыл өңірлерде 15 нысанның құрылысын аяқтамақ

Автор: Бақыт Шынар

Министрлік ауылдағы инфрақұрылымның дамуына қатысты ақпарат берді

Фото: туризм және спорт министрлігі

Туризм және спорт министрлігі әкімдермен бірлесіп, спорт инфрақұрылымын дамыту және халықтың спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасау бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастырып келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Дереккөзге сүйенсек, елімізде 26 518 спорт нысаны жұмыс істейді. Халықтың спорт инфрақұрылымымен қамтылу деңгейі 59,6%. Ал ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 62,1% жеткен. Бұл өңірлерде спорт нысандары желісінің тұрақты түрде кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.

«Қазір Қазақстанда 30 ірі стадион бар. Сонымен қатар тағы 15 стадионның құрылысы жүріп жатыр. Дәлірек айтсақ, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Шымкент және Семей қалаларында жаңа стадиондар салынып жатыр. Бұл нысандарды 2028-2029 жылдары пайдалануға беру жоспарланған. Бұдан бөлек, тағы жеті стадионның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Тараз қаласында жаңа стадион салуға жер телімі белгіленсе, Қостанай және Ұлытау облыстарында жобаларды іске асыру мәселесі қарастырылып жатыр», - деп хабарлайды министрлік.

Спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары ірі спорт кешендерінің құрылысын да қамтиды. 2024 жылы 90 спорт нысаны пайдалануға берілді. Оның 61-і ауылдық жерде орналасқан. 2025 жылы 147 спорт нысанының құрылысы аяқталды, оның 107-сі ауылдық елді мекендерде салынды. 2026 жылы тағы 121 спорт нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар 2026 жылдан бастап Министрлік 2026-2028 жылдарға арналған спорт инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жол картасын іске асыруға кірісті. Құжат аясында 86 инвестициялық жобаны, оның ішінде 56 жобаны ауылдық жерлерде жүзеге асыру көзделген.

Балалар және бұқаралық футболды дамыту да негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Министрлік әкімдіктермен бірлесіп, балаларға арналған футбол алаңдарын салу бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. 2025 жылы елімізде 520 футбол алаңы пайдалануға берілді. Оның 378-і ауылдық жерлерде орналасқан. Биыл бұл жұмыстар республика бойынша жалғасып жатыр.

Аталған жобаларды іске асыру заманауи спорт инфрақұрылымының қолжетімділігін арттырып, халықтың дене шынықтырумен және спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұқаралық, балалар және жасөспірімдер спортын еліміздің барлық өңірінде одан әрі дамытуға серпін береді.