ФИФА басшысы әлем чемпионатына қатысатын құрамалар санын 64-ке дейін көбейтуді ұсынды

Автор: Алмас Ерсін

Джанни Инфантино 2030 жылғы әлем чемпионатына қатысушылар санын тағы 16 құрамаға арттыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды

Фото: © istockphoto.com

Халықаралық футбол федерациясының президенті Джанни Инфантино алдағы әлем чемпионаттарына қатысатын құрамалар санын 64-ке дейін көбейту мүмкіндігін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy DW-ге сілтеме жасап.

Қазір Солтүстік Америкада өтіп жатқан әлем чемпионатына 48 құрама қатысып жатыр. Ал бұған дейінгі бірнеше турнирде командалар саны 32 болған. 56 жастағы швейцариялық футбол функционері blue Sport порталына берген сұхбатында жаңа өзгеріс туралы айтып, бұл мәселеге 2026 жылғы әлем чемпионаты аяқталғаннан кейін қайта оралу жоспарланып отырғанын жеткізді.

«48 құрама қатысқан турнир өте сәтті өтті. Барлық команда жоғары деңгейде ойын көрсетті. Әр құрлықтың өкілдері гол соғып, кемінде бір ұпайдан жинады. Африкадан қатысқан он құраманың тоғызы плей-офф кезеңіне шықты. Ал алдыңғы әлем чемпионатында Африкадан небәрі бес команда болған. Бұл барлық құрамаға мүмкіндік беріп, әлем чемпионатында ойнауына жол ашудың қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте дәлелдейді», – деді Инфантино.

Оның айтуынша, қатысушылар санын 64-ке дейін көбейту әр команданың өткізетін матч санын арттырмайды. Әр топтан үздік шыққан екі құрама ғана 1/16 финалдан басталатын плей-офф кезеңіне жолдама алады.

Мұндай жағдайда турнир 16 топ бойынша өтуі мүмкін. Ал матчтардың жалпы саны 128-ге жетеді. Бұл 2026 жылғы рекордтық әлем чемпионатымен салыстырғанда 24 ойынға көп.

«Әлем чемпионаты туралы армандауға тек Еуропа мен Оңтүстік Америка ғана емес, бүкіл әлем мүмкіндік алуға тиіс», – деді ФИФА басшысы.

2030 жылғы әлем чемпионатын бірден алты мемлекет қабылдайды. Олар – Испания, Португалия, Марокко, Аргентина, Уругвай және Парагвай.