Елена Рыбакина «Уимблдоннан» кейін үзіліс алып, демалыстағы сәттерін көрсетті
Қазақстанның бірінші ракеткасы жағажайдан фото мен видеолар жариялап, US Open алдындағы тынығуын бастады
«Уимблдон» аяқталғаннан кейін әлемнің бірқатар үздік теннисшілері маусымдағы соңғы «Үлкен дулыға» турнирі – US Open алдында күш жинау үшін үзіліс алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Солардың қатарында әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакина да бар. Қазақстандық теннисші Instagram парақшасында теңіз жағалауындағы демалысынан фото және бейнежазбалар жариялады.
«Уимблдон-2026» турнирінде Рыбакина үшінші айналымнан аса алмады. Турнирдің басты фавориттерінің бірі саналған ол бельгиялық Элизе Мертенске 6:7 (4:7), 1:6 есебімен жол берді.
Бұл – қазақстандық теннисшінің қатарынан екінші «Үлкен дулыға» турнирінде күткен нәтижеге жете алмағаны. Бұған дейін «Ролан Гарростың» екінші айналымында украиналық Юлия Стародубцеваға 6:3, 1:6, 6:7 (4:10) есебімен есе жіберіп, жарыс жолынан шыққан болатын.
Енді 2026 жылғы Australian Open турнирінің қазіргі чемпионы US Open додасына дайындыққа кіріседі. АҚШ-тың ашық чемпионаты биылғы маусымдағы соңғы «Үлкен дулыға» турнирі болады.