Қазақстандық балуандар жастар арасындағы Азия чемпионатында тағы үш медаль жеңіп алды

Автор: Аягөз Құрмаш

Үш балуан әртүрлі салмақта топ жарды

Фото: Olimpik.kz

Таиландтың Паттайя қаласында өтіп жатқан 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатында грек-рим күресінен Қазақстан құрамасы сәтті өнерін жалғастырып жатыр. Кезекті жарыс күні отандық балуандар қоржынға тағы үш жүлде салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бозкілемдегі бәсекеде мына спортшыларымыз үздіктер қатарынан көрінді:

  • Еркебұлан Анапия (82 кг дейін) – Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Ол финалдық белдесуде ирандық балуан Әлиреза Мұхаммед Хоссейниге есе жіберді.
  • Алпамыс Болатұлы (60 кг дейін) – үшінші орын үшін өткен тартысты бәсекеде жапониялық Юсукэ Хиротуды қапы қалдырып, қола медаль иеленді.
  • Максим Украинцев (97 кг дейін) – ұлттық құрама қоржынына тағы бір қоланы салды. Ол жұбаныш финалында қытайлық палуан Синью Люді жеңіп, тұғырдың үшінші сатысына көтерілді.