Михаил Шайдоров АҚШ-тағы жаттығу жиынынан суреттер жариялады

Автор: Алмас Ерсін

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы жаңа маусымға дайындықты АҚШ-та жалғастырып жатыр

Фото: instagram.com/mikhail_shaidorov

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров жаңа маусымға дайындықты АҚШ-та жалғастырып жатыр. Спортшы маусым айының басынан бері оқу-жаттығу жиынында жүр. Бірнеше аптадан кейін ол сапардан түсірілген фотосуреттерді әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жарияланған суреттерде Шайдоров жаңа бапкері Рафаэль Арутюнянмен бірге түскен. Қазір спортшы дайындықты дәл осы маманның жетекшілігімен өткізіп жатыр. Жаттығулар Калифорниядағы әлемдік деңгейдегі көптеген спортшылар шеберлігін шыңдайтын танымал мұз ареналарының бірінде өтуде.

Қарқынды жаттығулардан бөлек, мәнерлеп сырғанаушы өңірдің көрікті жерлерін де аралап үлгерген. Оның фототоптамасына Тынық мұхиты жағалауында және Лос-Анджелес қаласында түсірілген кадрлар енген.

Бұған дейін спортшы Алматыда өзінің мұз шоуын ұйымдастыруды жоспарлап отырғанын айтқан еді. Жаңа жобаның алғашқы қойылымдары 2026 жылдың желтоқсан айында өтеді деп күтіліп отыр.