Гимнастикадан Азия чемпионаты: Милад Карими Қытайда өтетін құрлықтық додаға қатыспайтын болды

Автор: Алмас Ерсін

Азия чемпионаты Қытайдың Цзуньи қаласында 18–21 маусым аралығында өтеді

Фото: olympic.kz

Спорттық гимнастикадан Қазақстан ерлер құрамасының көшбасшыларының бірі Милад Карими Қытайдың Цзуньи қаласында өтетін Азия чемпионатына қатыспайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҰОК-ке сілтеме жасап.

Бас бапкер Александр Кимнің айтуынша, спортшы жарақатына байланысты құрамнан шығарылған.

«Милад Карими Бейжіңдегі бірлескен оқу-жаттығу жиынының екінші аптасының басында жарақат алды. Рентгенге түсірген кезде кеуде тұсындағы қабырғасының сызаты бар екені анықталды (толық емес сыну). Енді оның толық қалпына келуіне бірнеше апта қажет. Қатты ауырсыну сезілмесе де, біз гимнасттың денсаулығына қауіп төндіргіміз келмеді. Сондықтан оның орнына Нұртан Идрисовты қостық. Сонымен қатар Қытайға Эмиль Ахмеджанов шақырылды, ол қосалқы спортшы мәртебесінде болады. Әрине, бұл жағдай командаға әсер етпей қоймайды. Себебі Милад Азия чемпионаты-2026 кезінде біздің құрамадан әлемдік гимнастиканың көшбасшылары саналатын Қытай, Жапония, Тайбэй және Филиппин спортшыларымен бәсекелесе алатын жалғыз гимнаст еді. Ертең жарыс басталады. Құрлық біріншілігінің біз үшін қалай өрбитінін көре жатармыз», – деді Александр Ким.

Енді Қазақстан құрамасының құрамы мынадай:

  • Ильяс Азизов,
  • Дмитрий Патанин,
  • Роман Хегай,
  • Дияс Тойшыбек,
  • Нұртан Идрисов,
  • Эмиль Ахмеджанов.

Азия чемпионаты Цзуньи қаласында 2026 жылғы 18-21 маусым аралығында өтеді.