H тобындағы алғашқы турда уругвайлықтар бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырғанымен, Сауд Арабиясымен 1:1 есебімен тең түсті
Уругвай құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатындағы алғашқы матчында Сауд Арабиясын жеңе алмады. H тобындағы бірінші тур аясындағы кездесу 1:1 есебімен аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ойынның алғашқы минуттарынан бастап Уругвай бастаманы өз қолына алып, шабуылға жиі шықты. Кездесудің басында-ақ Рональд Араухо қақпаға қауіпті соққы бағыттағанымен, Сауд Арабиясының қақпашысы Науаф Әл-Оуайс допты сенімді түрде қайтарды. Кейін Родриго Виньяс пен Дарвин Нуньес те есеп ашуға мүмкіндік алғанымен, сәтін пайдалана алмады.
Қарсыласының қысымына қарамастан, алғашқы болып саудиялықтар есеп ашты. Матчтың 40-минутында бұрыштамадан асырылған доптан кейін Мұхаммед Канно баспен соққы жасады. Фернандо Муслера допты қайтарғанымен, бірінші болып жеткен Али Әл-Амри оны қақпа торына бағыттады.
Үзілістен кейін Марсело Бьельса жаттықтыратын команда қайтадан ойын тізгінін қолға алып, шабуылды үдете түсті. Уругвайлықтар қарсылас қақпасы маңында бірнеше қауіпті мүмкіндік ұйымдастырды. Федерико Вальверде айып добын қауіпті орындаса, артынша Мануэль Угарте алыстан тепкен добы қақпа бағанына тиді.
Уругвайдың табанды ойыны 78-минутта нәтижесін берді. Антонио Санабрияның пасынан кейін Родриго Виньяс баспен соққы жасады. Әл-Оуайс бұл допты да қайтарғанымен, допқа бірінші болып жеткен Максимилиано Араухо есепті теңестірді.
Матчтың соңғы минуттарында Уругвай жеңіске жақынырақ болды. Алайда команда өз мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Нәтижесінде H тобындағы алғашқы ойында командалар ұпай бөлісті.
Айта кетейік, осы топтағы тағы бір кездесуде Испания мен Кабо-Верде құрамалары да тең түскен болатын. Матч 0:0 есебімен аяқталды.