Данилина мен Крунич жартылай финалда жеңіске жетті
Қазақстандық теннисші Анна Данилина Францияның ашық чемпионатында тарихи жетістікке қол жеткізді. Ол жұптық сында финалға жолдама алып, «Үлкен дулыға» турнирінің басты жүлдесіне таласатын болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ролан Гаррос» турнирінің әйелдер арасындағы жұптық сынының жартылай финалында Анна Данилина сербиялық теннисші Александра Круничпен бірге жапониялық Сюко Аояма мен Тайвань өкілі Лян Энь-Шо жұбын жеңді.
Кездесу 1 сағат 35 минутқа созылып, қазақстандық-сербиялық дуэттің пайдасына 7:5, 6:2 есебімен аяқталды.
Айта кетейік, Данилина мен Крунич турнирде екінші нөмірмен тіркелген жұп саналады.
Енді финалда Анна Данилина мен Александра Крунич жарыстың бірінші ракеткалары саналатын чехиялық Катерина Синякова және америкалық Тейлор Таунсенд жұбымен кездеседі.
Бұл жұп турнирдің басты фавориттерінің бірі ретінде бағаланып отыр.
Анна Данилина үшін «Ролан Гаррос» финалына шығу – мансабындағы ең ірі жетістіктердің бірі. Қазақстандық жанкүйерлер енді жерлесіміздің Париж корттарында чемпиондық атақ үшін күресін тамашалайды.