Азия чемпионаты: отандастарымыз көркем гимнастикадан 15 медаль жеңіп алды

Автор: Дәулет Ботагөз

Астаналық спортшылар сайысты екі алтын, он күміс және үш қола медальмен аяқтады

Фото: қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында өткен көркем гимнастикадан Азия чемпионаты астаналық спортшылар үшін аса табысты болды. Бірнеше күнге созылған дүбірлі додада Астана қаласының гимнасшылары жекелей және топтық бағдарламаларда жоғары дайындықтарын көрсетіп, Қазақстан қоржынына 15 медаль салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Спортшыларды №1 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв спорт мектебінің жаттықтырушылар құрамы дайындаған.

Астана қаласы әкімдігінің мәліметінше, жарыстың алғашқы күнінде-ақ отандастарымыз командалық көпсайыста екі күміс жүлдеге қол жеткізген.  

Ересектер құрамасы 263,65 ұпай жинап, екінші орынға ие болды. Ел намысын топтық бағдарламада ересектер командасымен бірге Ақмарал Ерекешева мен Айбота Ертайқызы қорғады. Ал жасөспірімдер құрамасы 140,5 ұпай нәтижесімен күміс жүлдегер атанды. Құрамында Анель Динишева, Анна Рубцова, Линара Жайлауова және Айғаным Рысбек өнер көрсетті.

Кейінгі жарыс күндерінде елордалық гимнасшылар жекелей сында да дара шықты. Линара Жайлауова шығыршық жаттығуында 25,20 ұпай жинап, Азия чемпионы атанды. Ал Айғаным Рысбек доп бағдарламасында 24,05 ұпаймен күміс жүлдені иеленді.

Топтық жаттығуларда ересектер құрамасы (Ж. Жүнісбаева, К. Чепульская, А. Хакимжанова, А. Кеңес, А. Нұрмағамбетова, М. Мырзабай) қола жүлдеге ие болды. Жасөспірімдер құрамасы (Д. Бихерт, Қ. Қуаныш, И. Куряченко, Ж. Қайыржанова, С. Төтебаева, Е. Пристенная) 5 доппен өнер көрсетуде тағы бір күмісті еншіледі.

Жарыстың шешуші күні де марапаттарға толы болды. Анель Динишева лентамен жаттығуда 24,60 ұпай жинап, Азияның алтынын еншіледі. Ал Анна Рубцова ұршықпен жаттығуда 25,20 ұпаймен күміс алды. Жасөспірімдер құрамасы 5 таспамен, ал ересектер құрамасы 5 доппен және 3 шығыршық + 4 ұршық бағдарламаларында күміс жүлделерді сарапқа салды. Жекелей сында үздік өнер көрсеткен Ақмарал Ерекешева шығыршық және доп жаттығуларында қос қола, ал ұршықпен өнер көрсетуде күміс жүлдеге ие болды.

Сайыс қорытындысы бойынша елордалық спортшылар Азия біріншілігін 2 алтын, 10 күміс және 3 қола медальмен аяқтады