Жалғас Қайролла Қазақстан қоржынына алтын медаль салды
Елордада дзюдодан өткен Grand Slam турнирі аяқталды. Қазақстан құрамасы өз жанкүйерлері алдында тамаша өнер көрсетіп, жарысты бір алтын, бір күміс және екі қола жүлдемен аяқтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жарыстың басты қаһарманы 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Жалғас Қайролла болды. Ол финалда Молдова спортшысы Петру Пеливанды айқын басымдықпен, уақытынан бұрын жеңіп, Қазақстан қоржынына алтын медальді салды.
Турнир барысында еліміздің намысын қорғаған басқа да дзюдошылар жоғары деңгейдегі күрес үлгісін көрсетті. Талғат Орынбасар (60 кг) шешуші кезеңде бақ сынап, күміс жүлдені иеленді. Аңсарбек Ғайнуллин (73 кг) қола жүлде үшін өткен белдесуде Молдова өкілі Влад Митруды қапы қалдырып, үшінші орынға табан тіреді. Ал Шерзод Давлатов (60 кг) тағы бір қола жүлдені ел қоржынына қосып, жеңіс тұғырынан көрінді.
Астанада өткен бұл халықаралық дода әлемдік рейтингтегі ұпайларды сарапқа салды. Қазақстандық балуандардың бұл жетістігі олардың алдағы жарыстарға дайындығын паш етті.