Азия чемпионаты: дзюдошы Айдар Арапов қола медаль алды

Автор: Дәулет Ботагөз

Ол тартысты бәсекеде қырғызстандық спортшымен кездесті

Фото: ҰОК

Қытайдың Ордос қаласында өтіп жатқан дзюдодан Азия чемпионатында Қазақстан қоржыны тағы бір медальмен толықты. 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен отандасымыз Айдар Арапов құрлықтық доданың қола жүлдегері атанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үшінші орын үшін өткен тартысты бәсекеде Арапов қырғызстандық спортшы Эрлан Шеровпен кездесті. Белдесу барысында ширақтық танытқан қазақстандық дзюдошы қарсыласын қапы қалдырып, жеңісті жұлып алды. Бұл жеңіс оған Азия чемпионатының тұғырына көтерілуге мүмкіндік берді.

Қазақстан құрамасының қоржынында неше медаль бар?

Осы жеңістен кейін Қазақстан ұлттық құрамасының қоржынында төрт жүлде бар. Айта кетейік, бұған дейін ел намысын қорғаған басқа да балуандарымыз үздіктер қатарынан көрінген болатын:

  • Әділет Алмат (81 келі) — «алтын»;
  • Эсмигүл Құйылова (63 келі) — «қола»;
  • Абылайхан Жұбаназар (81 келі) — «қола»;
  • Айдар Арапов (90 келі) — «қола».