Азия чемпионаты: дзюдошы Аруна Жангелді қола жүлдегер атанды
Ол Тайбэй спортшысынан басым түсті
Ордос қаласында өтіп жатқан құрлықтық додада Қазақстан қоржыны бесінші медальмен толықты. 78 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Аруна Жангелді Тайбэй спортшысынан басым түсіп, үшінші орынды иеленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қола жүлде үшін өткен бәсекеде отандасымыз Тайбэй өкілі Ван Цзесимен кездесті. Негізгі уақытта есеп ашылмағанымен, қарсыластың ескерту алуы Арунаның пайдасына шешілді. Нәтижесінде «Хансоку» шешімімен жеңіс қазақстандық дзюдошыға бұйырды.
«Көңіл-күйім тамаша! Негізі алтыннан үмітті болғанмын, бірақ бүгінгі нәтиже – қола. Ең қиын белдесу моңғол қызымен болды. Ал жарыс чемпионы атанған қытайлық дзюдошымен белдесуде қателік жіберіп алдым», — деді дзюдошы.
Арунаның бұл жүлдесі Қазақстан құрамасы үшін биылғы чемпионаттағы бесінші медаль болды:
- Әділет Алмат — «алтын»;
- Эсмигүл Құйылова — «қола»;
- Абылайхан Жұбаназар — «қола»;
- Айдар Арапов — «қола».