Қазақстандық боксшы қыздар Азия чемпионы атанды
Қазақстан әйелдер құрамасы Азия чемпионатын бес жүлдемен аяқтады
Қазақстандық боксшы Дина Исламбекова мен Надежда Рябец Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
80 келіден жоғары салмақтың финалында Исламбекова үндістандық Алфия Патханға қарсы шаршы алаңға шықты. Жекпе-жектің алғашқы раундынан-ақ Дина басымдықты өз қолына алды. Бастапқы үш минутта қарсыласын нокдаунға жіберді.
Одан кейін де отандасымыз рингтегі үстемдігін жалғастырды. Үшінші раундта ол тағы да қарсыласын нокдаунға жіберді. Нәтижесінде Исламбекова айқын басымдықпен жеңіске жетіп, алтын медаль иеленді.
Ал Надежда Рябец 80 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғады. Финалда ол Өзбекстан спортшысы Рухшона Парпиевамен кездесті.
Надежда бірінші раундта 5:0 есебімен айқын басымдықпен жеңді. Екінші раундта да ол қарсыласынан белсендірек, дәл соққыларымен басым түсті. Нәтижесінде қазақстандық боксшы төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті.
Осылайша, Қазақстан әйелдер құрамасы 2026 жылғы Азия чемпионатын бес жүлдемен аяқтады. Надежда Рябец (80 келіге дейін) чемпион атанса, Бақыт Сейдіш (70 келіге дейін) күміс медальға ие болды. Ал Әйгерім Саттібаева (48 келіге дейін) мен Валентина Хальзова (75 келіге дейін) қола жүлдеге ие болды.