Ол турнирді мерзімінен бұрын аяқтауға мәжбүр болды
Моңғолия астанасы Ұланбатырда өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы үшінші жарыс күнін екі бірдей жеңіліспен аяқтады. Әлемнің екі дүркін чемпионы Санжар Тәшкенбай мен Лаура Есенкелді турнирді мерзімінен бұрын аяқтауға мәжбүр болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ширек финалдық бәсекеде 50 келі салмақта бақ сынаған Санжар Тәшкенбай үндістандық Вишванат Сурешпен қолғап түйістірді. Төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіс қарсыласқа бұйырды.
Әйелдер арасында 65 келіде сынға түскен Лаура Есенкелді де үнді боксшысы Анкушите Бороға жол берді. Төрешілердің шешімімен (1:4) отандасымыз жарысты ширек финалда тоқтатты. Осылайша, әйелдер құрамасы әзірге турнирде бірде-бір жеңіске жеткен жоқ. Бұған дейін Жазира Орақбаева, Элина Базарова және Римма Волосенко жеңіліс тапқан еді.
Сәтсіздіктермен қатар, бүгінгі жарыс күнінде сүйінші хабарлар да бар. Ертұған Зейнуллинов қырғызстандық Мирзохид Имамназаровты тартысты жекпе-жекте (3:2) жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Келесі кезеңде ол 2022 жылғы Азия чемпионы Бунджонг Синсиримен (Тайланд) кездеседі. Ал Оразбек Асылқұлов жартылай финалға айқассыз шықты. Оның қарсыласы, жапониялық Шунсуке Китамото жарақатына байланысты рингке шығудан бас тартты.
Айта кетейік, бұған дейін ағайынды Махмұд және Төрехан Сабырхандар құрлық біріншілігінің жүлдесіне ілігетінін нақтылап, жартылай финалға өткен болатын.
World Boxing аясында өтіп жатқан Азия чемпионаты 10 сәуірге дейін жалғасады. 21 елден жиналған 200-ге жуық спортшы 20 салмақ дәрежесінде (ерлер мен әйелдер арасында 10 салмақтан) мықтыны анықтауда. Қазақстан намысын 20 спортшы қорғап жатыр.